Жұмыс істемеген адамдарға жалақы төлеген: Маңғыстау облысының мұнай кәсіпорындарында миллиардтаған қаржы жымқырылғаны анықталды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мұнай кәсіпорындарында миллиардтаған қаржы жымқырылған. коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Маңғыстау облысындағы 5 мұнай-газ кәсіпорынында миллиардтаған қаржы жымқырылған. 4 лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы аймақ прокуратурасы хабарлады.

Мәселен, «ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-нің («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) лауазымды тұлғалары тауар жеткізушіден 1,5 млрд теңгеге техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін автобус қабылдағаны анықталды. Бұл ретте автобустардың құны 400 млн теңгеге асырылып көрсетілген. Жұмыс істемеген арнайы техника қызметі үшін 110 млн теңге аударылған.

Ал «West Oil Software» ЖШС басшылығы («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-ның мердігерлік ұйымы) жұмыс істемеген адамдарға 400 млн теңгеден астам жалақы төлеген. Жақын туыстарына негізсіз жалақы аударып отырған.

Былтыр желтоқсанда West Oil Software ЖШС-нің жұмысшылары ереуілге шығып, басшыларға талап қойған болатын Олар – West Oil компаниясын «ҚазМұнайГаздың» балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды сұрады. Мұнайшылар 2 айдан астам уақыт бойы ереуілдетіп жатты. Сол кезде компания 1 млрд теңгеге жуық шығын шектік деп мәлімдеді.

«Аталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру) бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Процестік прокурорлар тағайындалды», – делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардың 4 басшысы ұсталған. Қылмыстық істер облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберілген.

Бұған дейін «Өзенмұнайгаз» топ-менеджері мен сервистік қызмет директоры ұрлық жасағаны үшін 8 жылға сотталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз