Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы. Бұл туралы қалалық Жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығы хабарлады. Бұл ретте қауымдастық, бұған жол ақысының төмендігі әсер етіп отыр деп есептейді
«Қалада арнайы көлік жүргізуге рұқсаты бар кәсіби жүргізушілер аз. Бүгінде тапшылық 1000-ға жуық адамды құрайды», – деп жазылған хабарламада.
Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Жолаушыларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету – әрбір қалалық автобус паркінің басты міндеті. Мамандар пайымынша, халықтың бұл мамандыққа деген қызығушылығы төмен.
«Бұл, ең алдымен, жалақы деңгейіне, сондай-ақ күрделі жұмыс кестесіне байланысты. Жүргізушілерді тарту үшін тасымалдаушылар үнемі жалақыны көтеруге тырысады, алайда қазіргі тарифпен бұл өте қиын», – деп хабарлады Қауымдастық.
Бұл ретте Мемлекет Алматыдағы көлік қаңқасының құруға 2,8-дан 4 трлн теңгеге дейін қаражат жұмсамақ. Бұл қоғамдық көлік қозғалысының орташа жылдамдығын 60%-ға арттыруға бағытталады. Сонымен қатар оның қозғалыс «дәлдігін» 95%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Осының нәтижесінде 2030 жылға қарай оңтүстік мегаполистегі қоғамдық көлікті пайдаланушылар саны жеке көлікте жүретіндер санынан асып түсу керек.
Алматыда қоғамдық көлікте жүруге кететін ай сайынғы шығын үлесі қала тұрғындарының орташа жалақысының небәрі 2%-ын құрайды. Алайда тарифтердің төмендігіне қарамастан, алматылықтардың тек үштен бірі ғана күн сайын автобус, троллейбус және метроға мінеді. Қалғандары (жолда жүргендердің 68%-ы) жеке көлікпен жүргенді жөн санайды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлем үшін 100 теңге. Қолма-қол төлем үшін 200 теңге. Былтыр тариф 20 теңгеге көтерілді.