Алматы қаласының әкімшілік полициясы мопед пен самокат жүргізген 10 мыңнан астам адамды ұстады. Олар көбіне жолаушы тасымалы, көше қиылысы, арнайы қорғаныс құралын пайдалану тәртібін бұзған. Қалалық департамент 1 маусымнан бері 4,8 мың мопед пен 5,2 мың самокат жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Кәмелетке толмағандар қауіпсіздік ережесін ескере бермейді. Балаларына самокат пен мопед жүргізуге рұқсат берген 100-ге жуық ата-анаға да әкімшілік хаттама толтырылды. Жыл басынан бері самокатты қолданғандардың қатысуымен 38 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 42 адам зардап шекті.
Мопед тізгіндегендердің тәртіпке мойынсұнғысы жоқ. Бес ай ішінде қалада мопед мінгендердің кесірінен 300-ден астам жол апаты болған. Үш адам көз жұмды. 321 адам жарақат алған.
Астанада да жағдай мәз емес. «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында бір тәулікте жол ережесін бұзған 92 мопед айыппұл тұрағына қойылды. Қаңтар айынан бері 90 жол-көлік оқиғасына мопед жүргізушілері себепкер болған. 22 адам ауруханаға жеткізілді. 1 адам қайтыс болды. Ал электроскутерге құмар астаналықтардың қатысуымен 9 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Мопед, самокат жүргізуге арналған ереже дайындалуда
Елімізде мопед жүргізушілеріне талап күшейеді. Оларға жүргізуші куәлігін алу міндеттеледі. Ішкі істер министрінің орынбасары шағын көлік құралдарының иелері Алматы мен Астанада жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатынын айтты.
«Қозғалтқыш көлеміне қарамастан мопедтердің барлығы көлік түріне жатқызылады. Оларды жүргізу үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу және 16 жастан асуы керек. Осыдан кейін мопедтердің барлығын тіркеп, есепке қоямыз», – деді Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Министр орынбасарының сөзінше осы көлік түрін басқаратындарға, іс жүзінде, ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Сондықтан оларды анықтау қиын. Сондай-ақ вице-министр бұл мәселе бойынша әкімдерге қосымша өкілеттілік берілетінін айтты. Әкімдіктер жақын арада скутерлерге қатысты қосымша ережелерді, оның ішінде оларды пайдалану уақыты мен орнына шектеу қою құқығына ие болады.
«Түзетулер пакетінде тағы бір өте маңызды норма бар. Енді әкімдерде самокаттарға қатысты реттеу өкілеттігіне ие болады. Яғни олар өздерінің қосымша ережелерін бекіте алады. Аталған көлікпен қайда өтуге болатынын, олардың қозғалысына қай уақытта шектеуқою керек екенін белгілейді. Мысалы, жексенбі күні саябақтарда серуендеп жүрген адамдар көбейгенде, саябақтарда самокаттардың қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін», – деп түсіндірді ол.