Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан шетел компанияларымен мұнайды қаншалықты әділ бөлісіп отыр деген сауалға жауап берді.
Ведомство басшысы шетел инвесторлармен өнімді бөлу жөніндегі келісім (ӨБК) шарттары қалай жүзеге асқанын түсіндірді. Айтуынша, өнімді бөлу жөнінде келісімге қол қойылып бекітілген.
«Өздеріңізге мәлім, шетелдік компаниялар өндірілетін мұнай өндірісі мен көлемі бойынша флагмандар. Олармен жұмыс істеу кезінде ӨБК енгізуге байланысты арнайы тетіктер қолданылады. Менің ойымша, мұнда мәселелер жоқ. Барлығы өзара іс-қимыл тұрғысынан заңдық шеңберде жүреді. Қазақстандағы заңнаманың орындалуына қатысты және ӨБК енгізуге қатысты да мәселелер бар. Көріп отырғаныңыздай, еңбек қатынастары бойынша экологиялық даулар жүріп жатыр. Ал ӨБК-ні іске асырумен байланысты мәселелер, халықаралық төреліктерде шешілетін таза коммерциялық даулар болып есептеледі», – деді Алмасадам Сәтқалиев Мәжіліс каулуарында.
Ведомство басшысы Қазақстан тарапы бірінші кезекте қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге мүдделі екенін айтады. Ал өнімді бөлісу туралы келісімдерге қол қойылып бекітілгендіктен, халықаралық құқыққа сәйкес оны еліміз орындауға міндетті.
Айта кетейік, еліміздегі ең ірі кен орындары Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ бойынша келісімдердің шарттарын жария етуді талап ететін петиция басталды. Петиция авторлары «Байтақ» жасылдар партиясы мен «Парасат» кәсіпкерлер альянсы. 25 маусымда жарияланған петицияны әзірге 59 адам қолдаған. Өтініш мемлекеттік органдардың қарауына ресми түрде қабылдануы үшін ол 50 мың дауыс жинауы керек.
Еске салсақ, Қазақстан «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», North Caspian Operating Company компанияларына отандық қамтуды дамыту бойынша ұзақмерзімді бағдарлама әзірлеу туралы міндеттер қойды.