Жаңалықтар

MacBook Air-дің басты бәсекелесі, Андюран мұнайдан бас тартты, Қытай Еуроодақтың автоөндірісіне инвестиция салуға ниетті

БАҚ шолуы / Shutterstock

Белгілі трейдер Пьер Андюран шикі мұнайдан гөрі, мыс пен какаоны жөн көреді. Жасанды интеллектіге негізделген Windows жүйесіндегі жаңа ноутбуктер Apple Mac-тың алдын орамақ, Қытай Еуроодақтың автомобиль өнеркәсібіне инвестиция салуға уәде береді. Осы және басқа да тақырыптар туралы 26 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Пьер Андуран мұнай саудасынан бас тартып, мыс пен какаоға ауысады

Энергетикалық нарықтағы саудасымен танылған атақты трейдер Пьер Андюран шикі мұнайдан бас тартып, мыс пен какаоға ауысатыны туралы хабарлады. Ол бұл заттардың бағасы өсетініне сенімді деп жазады Bloomberg.

Andurand Capital Management соңғы ралли кезінде бағасы төмендесе де, мыс пен какао фьючерстеріне қатысты әлі оптимистік көзқарасынан айнымай отыр. Компания ОПЕК + елдерінің маусым айындағы отырысына дейін мұнай фьючерсі бойынша ұзақ позицияларды «толығымен жауып тастады». Andurand Capital Management клинеттеріне арналған хатта: «Біз ұсыныс айқындалған кезде ғана мұнай нарығындағы жұмысты қайта бастаймыз», – деп жазады.

Пьер Дюран былтыр мұнай нарығындағы баға 2023 жылдың соңына қарай барреліне 140 долларға дейін өседі деп болжаған еді. Бірақ мұнай бағасы 100 доллардан аспады. 2023 жылы Андюран қоры сол қате болжамның кесірінен қомақты шығынға ұшырады. Дегенмен 2024 жылы Andurand Commodities Fund кеткен шығынның бір бөлігін қайтарып алып, тіпті жыл басында 22%-ға өсті. Ал неғұрлым тәуекелі жоғары Andurand Commodities Discretional Enhanced fund 63%-ға артты.

Қор қазір мыс пен какаоға бет бұрды. Клиенттерге арналған хатта: «Біз қазір мыс нарығының белсенді өсу бастауында тұрмыз деп санаймыз. Жақындағы өзгерістер соның басталайын деп жатқанын білдіреді, – деп жазылыпты. – Бағаның көтерілуі бағаның құбылуымен қатар жүріп жатыр, бірақ біз әлі де алдағы он жылдықта мыстың бағасы әлдеқайда қымбаттайды деп топшылаймыз».

Сонымен қатар Пьера Андюран қоры тауар жеткізудің азаюы мен сұраныстың артуына орай, какао фьючерстерінің бағасы да өседі деген ойда. Компания  Нью-Йорк пен Лондондағы фьючерс биржаларындағы қор 2024 жылдың соңына қарай таусылады деп топшылайды. Сарапшылардың болжамына сенсек, какао тапшылығы 650 мың метрикалық тоннадан 700 мыңға дейін жетуі мүмкін.

ЖИ-ге негізделген Windows-тың жаңа ноутбуктері Apple Mac-ты артта қалдыруы мүмкін

Windows жүйесіндегі дербес компьютер жасаушылар өздерінің Copilot+ жаңа ноутбуктері  Mac-ты «шаң қаптыруы мүмкін» деген ойда деп жазды MarketWatch. Басылым осы жөнінде FeibusTech-тің бас талдаушысы Майк Фейбустың егжей-тегжейлі талдауын ұсынды. Asus, Acer, Dell және басқа да бірқатар өндірушілер жаңа CoPilot+ ноутбуктарын Apple-дің MacBook Air өніміне қарсы басты бәсекелес етуді жоспарлауда.  

Copilot + жүйесі Qualcomm компаниясының Snapdragon X Series процессоры негізінде жасалған. Бұл серия Microsoft корпорациясының жасанды интеллектіні пайдалану талаптарына сәйкес келеді. Ал AMD мен Intel-дің процессорлары Copilot+ жүйесіне қолдануға Microsoft-тың сертификатын жуық арада ала қоймайды. Snapdragon негізінде жасалған ноутбуктардың бірінші партиясы жақсы сатылып жатыр. Фейбус жасанды интеллект ноутбукте иллюстрациямен жұмыс істеу, презентация дайындау, деректерді талдау сияқты көптеген жұмыс процесін орындауға көмектесетінін атап өтті.

Осылайша, ұзақ уақыт көлеңкеде қалып келген Qualcomm суырылып алға озды. Дегенмен жеңіс жайлы айтуға әлі ерте, көп нәрсе жасанды интеллектіні әзірлеушілерге байланысты. Windows-тағы ЖИ-дің бірқатар функциясы қазір сынақтан өтіп жатыр.

Қытай Еуропалық Одақтың автокөлік өнеркәсібіне инвестиция салуға уәде береді

ҚХР-дың сауда министрлігі Еуропалық Одақпен қытайлық электр көліктеріне арналған тариф жөнінде консультациялар өткізді. Осы шаралардың барысында Қытай тарапы еуропалық шенеуніктерге еуропалық автомобиль өнеркәсібіне инвестиция салуды ұсынды деп жазады CNBC. Қытай елінде электр көліктерді дамыту стратегиясын басқаратын Қытай ғылым және технологиялар қауымдастығының президенті Ван Ган: «Егер Қытай еуропалық электромобиль индустриясына инвестиция салса, бұл қазіргі сауда шиеленісі жағдайында екі тарап үшін де алға жылжу болмақ», – деп мәлімдеді.

«Электромобильді көп экспорттамаған күнде де, қытайлық компаниялар Еуропаға инвестиция салып көруіне болады», – деді Ванг. Сонымен қатар ол мұндай қаржыландыру жергілікті жұмыс орындарының ашылуына септесуі мүмкін екенін атап өтті. Ван Қытай өзінің стратегиясын жасаған кезде басқа елдермен бәсекелесуді ойламағанын, тек «өзінің халқы көп қалаларын газдан тазартып, өз жағдайын жақсартуды ойлағанын» айтты. Бірақ электр көліктерін өндірудің дамып кеткені соншалық, оның бетін қайтару мүмкін болмай қалған.

Бұған дейін Қытай билігі Еуроодақты қытайлық электр машиналарына қарсы тариф енгізбеуге және бейбіт сауда қатынасын бұзбауға үндеген болатын. Ал қытайлық автоөндірушілер тариф енгізілгеннен кейін, еуропалық компанияларға тура сондай қарымта қайтаруға дайындалуда.

Инфляция туралы мәліметтер жарыққа шығар алдында Еуроаймақ облигацияларының кірістілігі артты

Сәрсенбіде Еуроаймақтың мемлекеттік облигацияларының кірістілігі өсті, өйткені инвесторлар АҚШ пен ЕО-ның бірқатар еліндегі инфляцияға қатысты деректерді күтіп, қобалжи бастады деп жазады Reuters. Сонымен қатар, олардың ойынша, Францияда алдағы демалыс күндері өтетін парламенттік сайлаудың бірінші кезеңі де маңызды оқиға болмақ. Соған және бюджеттегі дағдарысқа алаңдаудың салдарынан, Франциядағы облигацияға қатысты сыйақы мөлшері жеті жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілді.   

Франция, Италия және Испания инфляция туралы мәліметтерді жұмада жариялайды. Ал Германия мен еуроаймақ туралы мәліметтер келесі аптада шықпақ. Сонымен бірге инвесторлар 28 маусымда АҚШ-тағы жеке тұтыну шығындарының баға индексінің де (PCE) шығуын күтіп отыр.

Еуроаймақ үшін эталондық көрсеткішке ие Германияның 10 жылдық облигацияларының кірістілігі 3,7 базистік тармаққа (б.т.) 2,449%-ға дейін өсті. Италияның 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 5,5 базистік тармақтан 3,993%-ға дейін көтерілді. Демек Италия мен Германия арасындағы кірістілік айырмасы 153,6 б.т болып отыр. TwentyFour Asset Management-тің серіктесі әрі портфельдік менеджері Гордон Шеннон: «Егер Франция Парламентінде оңшылдар көп дауысқа ие болса, франциялық мемлекеттік облигациялардың мөлшерлемесі қатаңдай түседі», – деп ескертті.