Жаңалықтар

40 млрд теңге кешірілді: Қазақстанда 13 мың адам банкрот деп танылған

13 мың адам банкрот деп танылды. Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда банкроттық туралы заң күшіне енгелі бері, 105 мың адам банкроттыққа өтініш берген. Соның тек 12 пайызының өтініші қанағаттандырылған. Нәтижесінде ел бойынша 13 мың адам соттан тыс банкрот деп танылған.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, арызданушылардың басым бөлігінің өтініші кері қайтарылған. Өйткені банкроттық талаптарына сай келмейді. Көпшілігінің басында дүние-мүлкі мен көлігі болған. Сонымен қатар құзырлы органдар басым бөлігінің төлем қабілетін қалпына келтіруге болады деп тұжырымдайды.

105 мың арызданушының 13 мыңы банкрот деп танылып жалпы сомасы 40 млрд теңге қарыз кешірілген Оның ішінде 27 млрд теңгесі соттан тыс банкроттық бойынша кешірілді. Сот арқылы кешірілген борыш сомасы – 12,2 млрд теңге.

«Соттық режимде де арыздар қаралды. Бұл арыздар бойынша 12,2 млрд қарыз кешірілді. Бүгінгі таңда жеке тұлғалар – 13 мың адам банкрот деп танылды. Кешірілген сома 40 млрд теңгені құрайды. Екі процедураны қосқанда», – деді вице-министр.

Жауапты ведомство қабылданған Заңға бірқатар өзгеріс енгізбек. Мәселен, енді қаржы ұйымдарымен қарым-қатынасты реттеу құжаты болмаса, оны ақпараттық жүйеден алуға мүмкіндік беріледі. Тізімнен табылмаған арызданушы өз арызын қайта бере алады. Шетелге шығу рәсімін қалпына келтіру кезінде сот шешімі шығып, жоспар қойылғанға дейін ғана шектеу қойып, одан кейін шектеуді алып тастау көзделген. 

2022 жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заңда 3 түрлі рәсім көзделген: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Заң 2023 жылдың наурызынан күшіне енді.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттықты «черная метка», яғни «қара дақ» деп айтқаны белгілі. Ол ел азаматтарын өздерін «банкрот» деп жариялауда асықпауға шақырған болатын.  Оның пікірінше азаматтарымыз бірден банкроттыққа асықпай, керісінше, мейлінше төлем қабілетін қалпына келтіруді ойлағаны жөн деген ескерту айтқан еді.