Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) жыл соңына дейін жекешелендірілетін мемлекеттік активтер тізімін қалыптастырады. Одан соң тізім жекешелендіру жөніндегі кешенді жоспарға енгізілуге тиіс. Бұл туралы Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің бірінші отырысында Агенттік төрағасының орынбасары Болат Самбетов мәлімдеді.
Одан бөлек, тауар нарықтары мен квазимемлекеттік сектордағы компанияларға талдау жасалмақ. Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің бірінші отырысында 2024-2028 жылдарға арналған Жекешелендірудің стратегиялық бағыттары мен тәсілдері бекітілді.
Сонымен қатар кеңсе қызметінің бағыттары, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту мақсатында атқарылатын іс-шаралар мерзімі талқыланды. Бастамалар экономикалық ырықтандыруды жеделдету, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту және инвестициялар тартуға бағытталған.
Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің жұмысын БҚДА үйлестіреді. Кеңсе құрамына парламент депутаттары, министрліктердің негізгі өкілдері, сондай-ақ ірі ұлттық холдинг басшылары кіреді.
Агенттік төрағасының орынбасары Болат Самбетов жекелеген активтерді жекешелендіру туралы шешім қабылдағанға дейін тауар нарықтарына талдау жүргізілетінін айтты. Ол жекешелендіруге арналған мемлекеттік активтерді анықтауда айқындық жоқ екеніне тоқталып өтті. Осы процесті оңтайландыру үшін халықаралық тәжірибені зерделеу қажет.
Ұлттық кеңсенің жұмысы бірнеше кезеңге бөлінген. Бұл процесс экономиканың жалпы тиімділігін жақсартады және бизнеске әкімшілік қысымды төмендетеді деп күтілуде.
10 мамырда мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» қаулыға қол қойған болатын. Соған сәйкес, 2029 жылға дейін жекеменшікке қолсұғылмауын қамтамасыз ету, мемлекеттің нарықтық қатынастарға заңсыз араласуын болдырмау, еркін бәсекені дамыту мен қорғауды қолдау, реттеуші және әкімшілік кедергілерді алып тастау қарастырылған. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін жасанды артықшылықтарды жою міндеті қойылған. Қазіргі кезде мемлекеттің экономикадағы үлесі 40 пайызды құрайды.