Жақында Ұлттық экономика министрлігі KASE және AIX биржасындағы салық жеңілдігін жою, дивидендке салық салу және резиденттер үшін бағалы қағаздар құнын арттыруды ұсынды. Осы орайда «Курсив» Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) сауал жолдап, реттеушінің ұстанымын білді. ҚНРДА салық жеңілдігін жоюды қолдамайды. Есесіне салықтан босатылған кіріс мөлшерін азайту ұсынады.
Қазіргі кезде жеке тұлғалар дивидендтен түсетін табысы 30 мың АЕК-тен аспаса (2024 жылы 110,8 млн теңге), салық төлемейді. Бұл сомадан асып кетсе, инвесторлар 10% салық төлеуі тиіс.
«Салық әділ салынуы үшін бұл соманы азайту қажет деп есептейміз. Бұл табысы төмен жеке тұлғаларға дивидендтен пайда алуға мүмкіндік беріп, инвесторлардың қор нарығындағы белсенділігіне айтарлықтай әсер етпейді», – деп есептейді ҚНРДА.
Агенттік инвесторлардың шешіміне екі фактор әсер ететінін айтады. Біріншісі – заңнаманың тұрақтылығы мен нақты ойын ережесі. Екіншісі – әділ салық салу жүйесі.
«Осыған байланысты заңға енгізетін өзгерістер, соның ішінде салық салу тәсілдерін өзгерту – қор нарығына қатысушылармен талқылануы тиіс. Қор нарығына қатысушылардың инвестициялық тәуекелін азайту үшін әрбір өзгеріс өтпелі кезеңнен өтеді», – деп атап өтті агенттік.
Агенттіктің мәліметінше, бағалы қағаздар нарығындағы салық жеңілдігінің бәрі экономикаға инвестиция ағынын ынталандыруға, операциялар ашықтығын, сондай-ақ қор нарығының өтімділігін арттыруға бағытталған.
«Мысалы, дивидендке қатысты жеңілдіктер тікелей қаржы тарту және бизнесті одан әрі дамыту үшін компанияларды қаржыландыру құнын төмендетеді. Сонымен қатар инвесторлардың қор нарығына қызығушылығы мен белсенділігін арттырады», – деп атап өтті.
ҚНРДА бағалы қағаздарды ұстаушыларға прогрессивті салық салу тәсілін қолдайтынын айтты. Ол сондай-ақ инвесторлардың нарықтағы транзакциялары бойынша шығынын теңестіруді жақтайды.
«Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер қор нарығы мен оның қатысушыларына әсерін ескере отырып жүргізілуі керек», – деп қорытындылады агенттік.
Бұған дейін Курсив ҰЭМ ұсынысына қатысты сала мамандарының пікірін білген. Олар бірауыздан жеңілдіктердің жойылуы инвесторлардың Қазақстан қор нарығынан кетуіне ықпал етеді деген пікір білдірді.
Министрлік дайындап жатқан өзгерістер туралы алғаш болып Миноритар акционерлер қауымдастығы (QAMS) хабарлады. Қауымдастықтың атқарушы директоры Данияр Темірбаев Экономика вице-министрі Азамат Әмриннің қатысуымен өткен кеңеске барған. Онда болашақ Салық кодексінің негізгі ережелері таныстырылды. Кейін ҰЭМ шынымен де мұндай бастама талқыланып жатқанын растады. Алайды түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.
Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, резидент инвесторлар биржалық операциялардан түскен табысқа (алынған дивидендтерден және бағалы қағаздар құнының өсімінен) 10% салық төлеуі тиіс. Дегенмен, Қазақстан резиденттері үшін жеңілдіктер бар: егер дивидендтінің сомасы 30 мың АЕК-тен аспаса (2024 жылы 110 млн теңге) және бағалы қағаздармен белсенді айналысса (айына кемінде 50 транзакция, жалпы көлемі 25 млн теңге), олар салықтан босатылады. Шетелдіктер 15% салық төлейді, бірақ қос салық туралы келісім болған жағдайда мөлшерлемені төмендетуге болады. Бұл Қазақстан қор биржасында бағалы қағаздармен сауда жасайтындарға ғана қатысты. Астана халықаралық қаржы орталығының биржасы 2022 жылға дейін кез келген салық төлемінен толығымен босатылған еді.
Бұл жеңілдік 2066 жылға дейін шектеусіз белгіленген және 2015 жылы желтоқсанда қабылданған Конституциялық заңда көрсетілген. Алайда, екі жыл бұрын үкімет негізгі критерийлерді өзгеріп, содан кейін AIX қатысушыларына KASE-дегідей сауда белсенділігіне қойылатын талаптарды орындау талап етілді.