Украина халқы түнде үйден шығуға тыйым салу, электр жарығын жиі өшіру сияқты шектеулерге қарамастан «соғыстың үшінші жазына» өтті.
Демалыс күндері Украина халқы Киев маңында жиналып Иван Купала мерекесін тойлады. Еуропа елдерінде тойланатын Әулие Иоан, Сан-Хуан мерекелеріне ұқсайтын Иван Купала мерекесі – дәстүрлі тәңіршіл түсінік пен христиандықтың тоғысқан тұсы деуге келеді.
Басталғанына үш жыл өтіп, соңы көрінбейтін соғыс жағдайына қарамастан, жиналған қауым ұлттық киім киіп, оттан секіріп, басқа да жөн-жоралғысын ретімен жасады. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған азаматтар диірмен, қамыс үй мен дәстүрлі үйшіктер алып келеді.
«Мемлекеттік пен айдентикаға қауіп төнгенде, бір халық екенін, әлі де жеке мемлекет екенін сезіну қажет болды. Адамдарға бас қосу қашанда ұнайды. Әсіресе, осындай кезде бұл үрдіс қажет. Халық болып бірлесіп, бас қосу рухымызды көтереді», – дейді қатысушылар.
Киевтен бір сағаттық жердегі іс-шараға мыңнан астам адам жиналды. Қатысушылардың бірі Катерина Гарник мұндай фестивальдер халыққа әлі де қажет деген ойда. Катеринаның айтуынша, бұл фестивальдің жанама мағынасы да бар.
«Ресей қолданатын басты қарудың бірі – украин мәдениетін өлтіру. Сондықтан дәстүрімізді жадымыздан өшірмегенімізді, мұрамызды сақтап қалғанымызды білу маңызды. Мұны бізден ешкім тартып ала алмас», – дейді Катерина Гарник.
Украина халқы смартфондарына жарылыс туралы алдын ала хабарлайтын қолданба жүктеп алған. Бұл Ресей тарапынан төнген қауіптің алдын алып, жасырынуға мүмкіндік береді. Дегенмен көпшілік қалыпты өмірін жалғастырып келеді. Кафелерге барады, концерттерден қалмайды, сатиралық шоуларға да қатысып, балаларын цирктерге алып барады. Жарық сөнген жағдайда генераторлар көмекке келеді.
2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы «Арнайы әскери операция» деген атпен ауқымды соғыс бастады. Шабуылдың мақсаты ретінде Украинаның Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету аталған болатын. Ресей оларды ресми түрде Донецк халық республикасы және Луганск халық республикасы деп атайды. Қазақстан бұл аймақтардың тәуелсіздігін мойындамайды. БҰҰ бекіткен Украина тәуелсіздігі мен аймақтық тұтастығын қолдайды.