Азаматтық авиация: жолаушылар ұшақты таңдауда

Жарияланды
Алматы әуежайынан
Тіркелген  ұшақтар саны мыңға жуықтады/ Фото: shutterstock

Әуе транспортының халықаралық қауымдастығы (IATA) мәліметінше, Қазақстандық ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ды құрайды. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан Дания және Польша сияқты Еуропалық одақтың елдерімен бір қатарда.

Қазіргі уақытта ішкі әуе тасымалын 6 қазақстандық тасымалдаушы жүзеге асырады. Олар: «Air Astana», « FlyArystan», SCAT, Qazaq Air, Southern Sky, Жетісу). Аптасына 56 ішкі рейс бойынша 500 рейс орындалады

Азаматтық авиация: тіркелген  ұшақтар саны мыңға жуықтады

Бүгін Қазақстан Республикасы Азаматтық авиациясының мемлекеттік тізілімінде 941 ұшақ бар. Оның ішінде 55 қазақстандық оператор жұмыс істейді. Тұрақты жолаушылар тасымалымен 5 әуе компаниясының 90 ұшағы айналысады.

2020 жылдан бері тасымалданған жолаушылар саны 2,4 есеге өскен.

Азаматтық авиация комитетінің ақпаратына назар аударсақ Covid-19 дан кейін жолаушыларды тасымалдау көрсеткіші қайта қалпына келіп қана қоймай, қос мәнді өсудің оң динамикасына шыққан. Мысалы, 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда жолаушыларды тасымалдау көлемі 17,0%-ға өссе, 2023 жылдың қорытындысы бойынша былтырғы 2022 жылмен салыстырғанда 13,3 миллионға жетіп, 20,9%-ға өскен. Осылайша, 2020-2023 жылдар аралығында жолаушылар саны 5,5 миллионнан 13,3 миллион жолаушыға өсіп, 4 жылда бұл көрсеткіш 2,4 есеге өскен. Өткен жылы Қазақстанның әуе компаниялары рекордтық жолаушы тасымалдады – 13,3 миллион адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,9%-ға  көп. Ұшақтар аптасына 500 рет әуеге көтеріліп, 27 елге шекара асқан. 

Елімізде  19 бағыт субсидияға тәуелді

Үкімет сұранысқа ие емес бағыттарды қолдау үшін 2002 жылдан бері отандық әуе компанияларына жыл сайын субсидия беріп келеді. Ұшу қолжетімділігін жақсарту және ішкі рейстерді дамыту мақсатында әуе жолдары үшін туристік субсидиялар пайдаланылады. Биылғы жылы субсидияланатын әуе бағыттарына QAZAQ AIR, SCAT және Southern Sky әуе компаниялары қызмет көрсетеді.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, биыл Қазақстанда 19 әуе бағытын субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлінеді. Бұл бағыттағы маршруттар: Түркістан – Ақтау, Түркістан – Ақтөбе, Түркістан – Қарағанды, Түркістан – Орал, Түркістан – Қостанай, Жезқазған – Қарағанды, Жезқазған – Шымкент, Жезқазған – Өскемен, Алматы – Көкшетау, Көкшетау, Көкшетау – Шымкент , Үржар – Алматы, Петропавл – Астана, Петропавл – Алматы, Алматы – Үшарал, Павлодар – Астана, Тараз – Алматы, Тараз – Атырау, Өскемен – Қарағанды. 

Авивкеросин: импортқа тәуелділік

Азаматтық авиацияның дамуын шектейтін негізгі факторлардың бірі – ішкі нарықтағы авиациялық отынның тапшылығы және оның қымбаттығы. Осы себепті ішкі әуежайлар көршілес елдердегі әуежайлармен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Сондай ақ транзиттік компанияларды тарту және оларға қызмет көрсету. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетіне теріс әсер етеді.

Авиакеросин нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты әуе компаниялары жаңа халықаралық рейстерге өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Отандық мұнай өңдеу зауыттарының авиациялық отынмен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ете алмауынан, Қазақстан Ресейден авиациялық отынды  импорттауды жалғастырып келеді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін мұнай өңдеу зауттарының  авиациялық отынның жылдық өндіріс көлемі ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жою үшін өндіріс көлемін едәуір арттыру керек.

Авиациялық отынның тапшылығы жылына 300 мың тоннаға жуық. Бізде бұл мәселені импорттық, оның ішінде Қытайдан келетін авиа жанармай көлемін арттыру арқылы жауып отыр. Үкімет JET A-1 маркалы жанармайды да қарастырып жатыр. «ҚазМұнайГаздың» мәліметінше, осы мақсатта Алматы әуежайындағы жанар-жағармай кешенін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатфр және 2024 жылдың маусым айынан бастап авиациялық отынның осы түрін пайдалануға көшеді.

Елімізде азаматтық авиация тұрақты түрде дамып келеді. Отандық әуе операторлары өз әуе кемелеріне жаңа ұшақтар сатып алуын жалғастырып келеді. Бұл әуе паркінің орташа жасын жақсартуға және әуе компанияларының қосымша бағыттарының ашылуына септігін тигізеді. Сондай-ақ ішкі рейстерден бөлек сыртқы бағыттарға шығуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аймақтардағы әуежай терминалдарының күрделі жөндеу жұмыстары, жаңа әуежайлардың салынуы, отандық азаматтық авиацияның одан әрі дамуына оң әсер етеді. Одан бөлек, Үкімет алдында ішкі нарықты авиа отынмен толық қамтамасыз ету және оның сапасын халықаралық стандартқа көтеру мәселесі тұр. 

Сондай-ақ оқыңыз