Президент жанындағы комиссия мемлекеттік сатқындық жасағаны үшін сотталған ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартты. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында мәжілім депутаты Марат Башимов жазды.
«Комиссия Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бірақ бұл нақты шешім емес, комиссия ұсынысы. Комиссияның міндеті – рақымшылық жасау туралы материалдарды алдын ала қарау. Соңғы шешімді президент қабылдайды. Жақын арада құжат мемлекет басшысына жіберіледі», – деп атап өтті депутат.
Кешірім жасау жөніндегі комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, түрлі органдардың өкілдері, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі, бас прокурордың орынбасары және ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы кіреді.
2024 жылдың 10 маусымында ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов Президенттен кешірім сұрап хат жазғаны белгілі болған.
2023 жылдың сәуір айында Астана соты Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, билікті және қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осипов та бас бостандығынан айырылды.
2022 жылдың қаңтар айының басында ҰҚК комитеттің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов ұсталған еді. Оған қатысты қылмыстық іс «өте құпия» деп танылды. Кәрім Мәсімов Қазақстандағы Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушысы деп танылды. Ол кезде құрбан болғандар 238 қазақстандық болатын.
Кәрім Мәсімов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шешімімен Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отыр.