Америкалық телекомпания NBC жасанды зерде көмегімен Peacock платформасында Париждегі халықаралық Олимпиада ойындарында хабар таратпақ. Euronews-тің жазуынша, аудио мен бейне трансляция кезінде спорт комментаторы Эл Майклстың дауысы пайдаланылады.
Peacock платформасында жаңа жүргізуші күнделікті ойындар және оқиғалар туралы шолу ұсынбақ. Жасанды интеллект арқылы бейнерепортаждар дайындалады.
Телекомпания «Your Daily Olympic Recap on Peacock» аясында АҚШ-тағы 7-8 миллион көрерменге хабар таратуды жоспарлап отыр.
Генеративті ЖИ мәтін, дыбыс, бейнекөрсетілімнен қателік жіберуі де мүмкін. Бірақ телекомпания қарауындағы редакторлар жасанды зерде өнімін мұқият қадағалайтынына, алдын ала мұқият сүзгіден өткізетіндеріне уәде етті.
Авторлық құқық дауы
Бағдарламалық ақау табылғанына қарамастан, ЖИ технологиясын жаппай қолдану көпшілікті алаңдатып отыр. Белгілі әртістер, әншілер, өнер адамдары ЖИ өз даусын «ұрлап алып отырғанына» наразы. Авторлық құқық мәселесі шиеленіскен жағдайда қалуы мүмкін.
Еуропалық одақ жасанды интеллекті қолдану ережесін қатаңдатпақ. ЖИ-мен жұмыс істеуге арналған бірқатар қосымшаға тыйым салуды қарастыратын құжатты ЕО-ға мүше мемлекеттердің салалық министрлері мақұлдады.
Еуропа жасанды интеллект технологиясын сақтықпен қолдануға көңіл бөле бастады. Алдағы уақытта эмоцияны бақылайтын жасанды интеллектіге тыйым салмақ. Маңызды инфрақұрылым, білім беру мен денсаулық сақтау және басқа да салаларда ЖИ жүйесі қатаң талаптарға сай болуы керек деп есептейді.
Генеративті ЖИ – әңгімелесу, сурет, видео және музыканы қоса алғанда, жаңа идеялар мен жаңа контенттер тудыра білуге қабілетті жасанды зерде типі. Генеративті ЖИ-ді адам тілін, бағдарламалау тілін, өнерді, химияны, биологияны, физиканы, басқа да кез келген күрделі пән мен бағытты үйрету үшін дайындауға болады. Ол өзі үйренген деректер негізінде жаңа міндеттерді шеше бастайды. Мысалы, ол ағылшын тілін меңгеріп алып, әрі қарай өлең шығара бастауы мүмкін.
Адамдарды алмастыра бермек
Goldman Sachs компаниясының дерегінше, генеративті ЖИ әлемдік жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 7 пайызға дейін (немесе 7 трлн долларға дейін) ұлғаюын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар 10 жылда өнімділік өсімі 1,5 пайыздық тармаққа артуы мүмкін деген болжам айтылады.
Challenger мәліметі бойынша жасанды интеллектіге байланысты жұмыс орындарын қысқарту үрдісі басталып жатыр. Былтыр мамыр айында АҚШ-та 400 мыңнан астам адам жұмыссыз қалғаны келтірілген. Олардың 10%-ға жуығы, яғни 3,9 мың адам жасанды интеллект үшін жұмыстан шығарылған.
«Генеративті ЖИ жұмыс орындарын ашатын алпауыт болады деп күтілуде. Алайда Goldman Sachs талдауында ЖИ 2035 жылға қарай 300 миллион жұмыс орнын қысқартып, жұмыспен қамтуды жойып жіберуі мүмкін», – деп топшылайды Newedge Wealth LLC өкілі Бен Эмонс.
Алдағы уақытта АҚШ пен Еуроодақтағы жұмыс орындарының шамамен үштен екісін жасанды интеллект ауыстырады. Сонымен бірге ChatGPT жыл сайынғы жаһандық ЖІӨ-ні 7%-ға арттыруы мүмкін.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарышты дамыту министрі Жаслан Мәдиев брифингте қазақ тілді ChatGPT – QazLLM жобасы жасақталып жатқанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта QazLLM-ді дамыту мақсатында күш салудамыз. Бұл – ауқымды тіл моделі. Бұл үшін қазақтың сөздік қорын жинақтап жатырмыз. Төл қазақ сөздері қолданылады. Қазақша мәтін түрлі құралдар арқылы басқа тілдерге сапалы аударма жасалынады. Нәтижесінде машина оқитындай деңгейге жетуі керек», – деді министр.