Жаңалықтар

QazaqGaz бен Шеврон Ақтөбе облысындағы кен орнында барлау жұмысын жүргізеді

«Жалибек» кен орнында геологиялық барлау басталады. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

QazaqGaz бен Шеврон компаниясы серіктестік орнатып, Ақтөбе облысындағы «Жалибек» кен орнында геологиялық барлау жұмысын жүргізеді. Бұл туралы QazaqGaz баспасөз қызметі хабарлады.

Жалибек учаскесі Жаңажол және Өріктау кен орнына жақын орналасқан. «Шеврон» корпорациясы еншілес компаниясы – «Шеврон Мұнайгаз Инк.» арқылы жұмыс істейді.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ және «Шеврон» корпорациясы, өзінің еншілес компаниясы «Шеврон Мұнайгаз Инк.» (Шеврон») арқылы Ақтөбе облысы, Жаңажол және Урихтау кен орнына жақын орналасқан Жалибек учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша серіктестік орнату туралы келісімге қол қойды»,- делінген хабардламада.

Бұл жоба бойынша соңғы бір жыл бойы келіссөз жүргізіліп, техникалық дайындық жасалған. Бірінші кезеңде «Шеврон» қолда бар сейсмикалық мәліметтерді қайта өңдеп, техникалық түсіндірмелерді әзірлейді. Тараптар қол қойылған келісімді ауқымды серіктестіктің бастамасы ретінде қарастырып отыр.

Келісімге «QazaqGaz» ҰК АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен «Шеврон» компаниясының Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесc қол қойған. Дерек Магнесc бұл келісім Қазақстанның энергетикалық потенциалының өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

Жоба QazaqGazдың акционері – «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге аспақ. Жалибек учаскесіндегі әлеуетті газ және газ конденсатты кен орындарын одан әрі геологиялық барлау және игеру, тауарлық газдың ресурстық базасын арттыруға және ел экономикасының дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Санжар Жаркешов Қазақстанның газ саласының әлеуеті халықаралық инвесторлар мен трансұлттық компанияларды қызықтырып отырғанын айтады.

Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, елдегі газ өндірісі жылына 30 миллиард текше метрге дейін өседі деп жоспарланған. Оған Жалибек учаскесімен қатар, Аққұдық, Самтыр, Шоттыкөл, Темір сынды кен орындарынан газ өндіру ықпал етпек. Жәлібек учаскесіндегі газдың болжамды қоры 200 млрд текше метрге бағаланады. Жалпы 2023 жылдың басында QazaqGaz жалпы қоры 640,5 млрд текше метрді құрайтын мұнай-газ кен орындарында геологиялық барлау жүргізілетінін жариялаған.

Chevron – АҚШ-тағы ең ірі мұнай-газ компаниясы. Оның Қарашығанақ және Теңіз кен орындарын игеру жобасында үлесі бар, Каспий құбыр консорциумының ірі жеке акционері және Атыраудағы полиэтилен құбыр зауытын басқарады. Chevron-ның негізгі акционерлері: Berkshire Hathaway Inc. (6,6%), BlackRock Advisors LLC (5,6%) және Eaton Vance Management (1,9%) қорлары.

Қазір елімізде өндірілетін газ қоры 3,8 триллион текше метрге тең. Сұраныс өсіп жатса да, газ қоры 100 жылдан астам уақытқа жетеді.

Негізгі газ қоры Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған және Жаңажол сияқты төрт ірі кен орнында шоғырланған. Ондағы газдың жалпы көлемі – 2,7 триллион текше метр.

Сонымен қатар QazaqGazдың басшылығы Қазақстанда 100 жылға жететін газ қоры бар деп мәлімдеген болатын.