Жаңалықтар

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» жаңа заң: қосалқы мердігер атқаратын жұмыс көлемі 50-ден 30%-ға дейін қысқарады

Республикалық спорт колледжі
«Мемлекеттiк сатып алу туралы» заң 2025 жылы қолданысқа енеді / коллаж kursiv.media

Президент «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейді.

Сатып алу рәсімдері жеңілдейді

Шағымдарды қарау тетігі жаңартылды. Қаржы министрлігінің бақылаушы орган ретіндегі рөлі қайта қаралды.

Сатып алуды жедел жүргізу, тапсырыс берушілерге  зор өкілеттіктер беру, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің кешіктірілуін болдырмау мақсатында бұдан былай шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайды. Конкурс қорытындыларына веб-портал арқылы шағымдануға болады. Жеңімпазы тек конкурстық комиссия айқындаған сатып алулар бойынша ғана жүзеге асырылады.

Тендерді өткізу мерзімдерін қысқарту мақсатында заңда тікелей белгіленген мерзімдер Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының деңгейіне ауыстырылды.

Рәсімдерді оңайлату және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін мемлекеттік сатып алуды өтпеді деп тану негіздері қайта қаралды. Бұрын сатып алулар тек 1 әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда өтпеді деп танылатын. Енді мұндай өнім берушіні тиісті біліктілік талаптарына сай деп таныған жағдайда онымен шарт жасасуға рұқсат беріледі.

Тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жедел сатып алуына оңтайлы жағдай жасау және оларға барынша дербестік беру мақсатында құны 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алу құқығы қарастырылған. Ауыл әкімдіктері үшін мұндай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу шегі 3000-нан 4000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алу мүмкіндігі бекітілді (әзірге тек төтенше жағдай салдарын жою үшін).

Ғылыми ұйымдардың сатып алу тәртібі жеңілдетілді. Мәселен, ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының сатып алу рәсімдері енді Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

Әлеуетті мердігерлер тізімі жасалынады

Сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру және өнім берушіні таңдаудың бағалық емес өлшем шарттарын дамыту үшін әлеуетті өнім берушілердің тізілімі енгізілді. Бұл абыройына нұқсан келмеген өнім берушілер арасында сатып алуды жүзеге асыруға және сатып алудың барлық түрі бойынша баға мен сапа өлшемшарттарын біріктіре отырып, өнім берушілерді дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.  

Бұл ретте өнім беруші туралы ақпарат мемлекеттік органдар жүйелерінің мәліметтері негізінде түзіледі (жұмыс тәжірибесі, қаржылық орнықтылығы, салық берешегінің болмауы, ашық қолжетімділікте қаржылық есебінің жариялануы және т.б.).

Заңда толық дайын түрінде берілетін құрылыс туралы шарт жасасу мүмкіндігі, яғни жобалаудан бастап объектіні пайдалануға беруге дейінгі жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңі, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға ілеспе тауарлар жеткізу және қызметтер көрсету үшін жауапкершілікті бір өнім берушіге жүктеу мүмкіндігі белгіленген.

Әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алулар»  түсінігі енгізілді.

Өнім берушілерді бақылау күшеймек

Мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылау жүргізу мүмкіндігі енгізілді.

Бұрын сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылық жасаған әлеуетті өнім берушінің, басшының немесе құрылтайшының мемлекеттік сатып алуларға қатысуына тыйым салынды. Жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар әлеуетті өнім берушілер де мемлекеттік сатып алуларға жіберілмейді.

Өнім беруші жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) беретін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемі 50-ден 30 пайызға дейін қысқартылды.

Тауар биржалары арқылы сатып алуға тыйым салынады

Барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарды сатып алудың бірыңғай платформасына – мемлекеттік сатып алудың веб-порталына көшіру мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда бекітілді. Бастапқы кезеңде қазіргі сатып алу алаңдары сақталады және сатып алу бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты жинау және көрсету үшін интеграция жүргізіледі. 

Тауар биржалары арқылы сатып алу тәсілі алынып тасталды.

Үкімет айқындаған нақты өнім берушімен тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден сатып алу енді жалпыхалықтық мәні бар аса маңызды объектілер мен жобаларды іске асыру үшін қажетті ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Қаржы министрлігі тек қана шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жеке тізбесін бекітеді.

Заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.