Жаңалықтар

Сауда кәсіпорындарының құрылысын қаржыландыруға 4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие ұсынылады

Билік сауда кәсіпорындарының құрылысын жаңа тетіктер арқылы қаржыландырады / kursiv.media

Биылдан бастап Сауда және интеграция министрлігі кәсіпкерлерге сауда объектілерінің құрылысына әрі инфрақұрылымды жетілдіруге жәрдемдеспек. Министрлік соңғы бес жылда алғаш рет шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады. Бұл жөнінде Сауда комитеті хабарлады.

`«Республикалық бюджет комиссиясында сауда кәсіпорындарының құрылысы мен  жаңғыртуға арналған кредиттерді арзандатуға биыл 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта «Даму» АҚ қатысуымен екінші деңгейлі банктермен бірлесе атқарылатын жобалардың тізімі жасақталуда», – делінген хабарламада.

2023 жылы елде 1,6 млн жеке кәсіпкер тіркелген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 24,3% артық. Бүкіл ЖК субъектілерінің 93,1%-ы жұмыс істеп тұр, олардың қатары бір жылда 30,7% өсіп, 1,5 млн-ға жетті.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ішкі сауда көлемі сәуір айында (бір жылмен салыстырғанда) 0,6%-ға төмендеп, 4,5 трлн теңгені құрады. Бұл – 2022 жылдың қыркүйегінен бері ең төмен көрсеткіш. Саланың жалпы көлеміндегі елеулі үлес көтерме саудаға тиесілі. Оның үлесі 68,3%-ды құрайды. Ал бөлшек сауданың үлесі 31,3%.

Көтерме сауда көлемі 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 11786,4 млрд теңгені немесе 2023 жылғы тиісті кезең деңгейіне 101% құрады. Көтерме тауар айналымының құрылымында азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер басым (79,2%).

2024 жылғы қаңтар-сәуірде бөлшек сауда көлемі 5407,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылғы тиісті кезең деңгейінен 5,2%-ға артық. Сауда кәсіпорындарының тауарларды бөлшек саудада өткізуі 8,6%-ға ұлғайды. Ал жеке кәсіпкерлердің, оның ішінде базарларда сауда жасаушылардың, 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 4,5%- ға азайды.