Жаңалықтар

Орманшылардың жалақысы көбейеді: Үкімет бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлді

зарплата
Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылатын болады / Фото: shutterstock

1 шілдеден бастап еліміздің орман және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы ала бастайды. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінген.

«Құжатқа сәйкес орман өртін сөндіру стансаларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100%-ға дейін үстемеақы алады. Олардың ішінде орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтары мен аппаратураларын жөндейтін слесарлар, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушылары бар,» деп жазылған Үкіметтің хабарламасында.

Сондай-ақ 113 авиациялық күзет өрт сөндіруші-десантшысының жалақысы көтеріледі. Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылатын болады.

Аталған мәселені Сенатор Ольга Булавкина осыған дейін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Сенатордың сөзінше, Қазақстандағы орман өрт сөндіру станцияларының кейбір жұмысшыларының жалақысы ешқашан көтерілмеген.

Сондай-ақ 19 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов «Семей орманы» табиғи резерватындағы қызметкерлерге үстемақы төленбегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, «Семей орманы»  мемлекеттік орман табиғи резерватының» 1500-ге жуық қызметкері сауықтыру жәрдемақыларын ала алмай келеді. 

Депутаттың мәлімдеуінше, жүргізушілер, радиобайланыс операторлары, тракторшылар, өндірістік және әкімшілік үй-жайларды жинаушылар және тағы басқаларына үнемдеудің жоқтығынан үстемақы толық төленбей отыр.

2023 жылы тамыз айында «Семей орманы» резерватының қызметкерлері наразылық танытып, басшылықтан еңбекақыны 70%-ға көтеруді талап еткен болатын.

Биыл ақпан айында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өскенін мәлімдеді.

Семей орманындағы өрт

Еске сала кетсек, 2023 жылы 8 маусымда «Семей орманы» МОТР» РММ аумағында үлкен өрт шығып, оны өз күштерімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болған еді.

11 маусымда Президент Бас прокуратураға өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Бас прокуратура немқұрайдылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

2024 жылдың 13- мамырында «Семей орманы» резерватында болған өртке екі адам кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.