Электромобиль өндіруші қытайлық компаниялар NIO мен Zeekr маусым айында және жалпы екінші тоқсанда рекордтық сатылым жасағанын хабарлады.
АҚШ-тағы саудада NIO акцияларының бағасы көтерілсе, биржаға жақында ғана шыққан Zeekr-дің котировкасы төмендеді. BYD Tesla-ны қуып жетуге жақындады, бірақ оның қағаздарының бағасы әлі де төмендеу үстінде.
BYD
Сәуірден бастап маусымды қоса алғанда BYD 426 мың электр көлігін сатқан. Бұл бірінші тоқсанмен салыстырғанда 300,1 мыңға көп, бірақ төртіншіге қарағанда 526,4 мыңға азырақ. Reuters-тің есебі бойынша, өткен тоқсанда BYD электромобильдерінің сатылымы Tesla-дан 12 мыңға ғана азырақ болды.
Уолл-стрит бүгін Tesla электромобиль жеткізудің тоқсандық мәнде 6%-ға қысқарғанын хабарлайды деп күтеді. Егер нақты нәтиже болжанған көрсеткіштен әлсіз боп шықса, Tesla сектордағы көшбасшылықты BYD-ке беруі мүмкін. Пессимистер арасында Barclays та бар, ол Tesla-ның екінші тоқсандағы электромобиль жеткізуі 11%-ға азаяды деп топшылайды.
Гибридтерді қоса алғанда, BYD-тің өткен тоқсандағы сатылымы 58%-ға артып, қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке – 986,7 мыңға жетті. Бұған компанияның айтарлықтай жеңілдік жасауы ықпал етті. Ақпан айынан бастап BYD барлық көлігін 5-20%-ға арзандатқан болатын.
Гонконгтағы саудада BYD акциялары 1,9%-ға төмендеді. Дегенмен жыл басынан бері компания құны 9%-ға артқан.
NIO
NIO маусым айында 21,2 мың электромобиль сатып, нарық күткен шамадан асып түсіп, рекорд жасады. Бұл нәтиже алдыңғы жылмен салыстырғанда 98%-ға, ал мамырдағы көрсеткіштерге қарағанда 3,2%-ға жоғары.
Ал «қытайлық Tesla» болса екінші тоқсанда 54-56 мың электромобиль жеткізген. Компанияның жыл басынан әлсіз басталған сатылымы біртіндеп қалпына келіп жатыр. Екінші тоқсанда сатылымның артуына аккумуляторды жалға беру төлемін азайту әрі осы қызметті пайдаланатын авто иеленушілердің қатарын көбейту әсер етті.
NIO акциялары Сингапурдағы саудада 2,5%-ға қымбаттады. Соның қарсаңында ғана компанияның америкалық депозиттік қолхаттары (ADR) 6,7%-ға көтерілген еді.
Zeekr
Geely-ге тиесілі Zeekr компаниясы маусымда 20,1 мың электромобиль сатып, рекордтық нәтиже көрсетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 89,3%-ға артық, ал мамырдағы сатылымнан 8%-ға көбірек. Сондай-ақ Zeekr тоқсан ішінде 54,8 мың электромобиль жеткізді, бұл алдыңғы жылға қарағанда екі есе көп.
Zeekr АҚШ нарығына акцияларын мамыр айында шығарды. Оның нәтижелерін Tesla инвесторлары да бақылап отыр. Zeekr акцияларының бағасы Нью-Йорктегі саудада дүйсенбі күні 3,2%-ға төмендеді, бірақ постмаркетте қайтадан 0,8%-ға өсті. Investors.com-ның айтуынша, өткен аптада Zeekr котировкасы 11%-ға түсіп, бір акция бағасы IPO-дағы бастапқы 21 доллар деген бағасынан 18,84 долларға дейін құлдырады.