Францияда сайлаудың бірінші турында әсіре оңшылдар жеңіске жетті. Дегенмен екінші турда олар айқын басымдыққа ие болмауы мүмкін. Егер, керісінше, бола қалса, елдің мемлекеттік қарызына қатысты жағдай күрделене түсуі мүмкін. Бірнеше айдан бері алғаш рет АҚШ экономикасы жайлы жағымсыз болжамдар айтыла бастады – тағы рецессия болуы ықтимал. Осы және басқа тақырыптар жайлы 1 шілдедегі әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.
АҚШ терең рецессияға жақындап келеді
BCA Research-тің бас талдаушысы Питер Березин акция нарығы туралы жағымсыз болжам жасады деп жазады FOX Business. Стратег АҚШ терең рецессияға жақындап келеді, соның салдарынан акция бағасы 30%-ға құлдырауы мүмкін деп санайды.
Клиенттерге арналған жазбасында Березин қазіргі кең таралған пікірлерге қарамастан, АҚШ экономикасы 2024 жылы, не болмаса 2025 жылдың басында рецессияға ұшырайды деп ескертеді. Егер солай болған күнде S&P 500 индексі 3 750-ге дейін құлдырауы мүмкін. Бұл қазіргі деңгейден 30%-ға төмен. Елдегі еңбек нарығының айтарлықтай баяулауы, АҚШ экономикасын өсіретін негізгі фактор – тұтынушылық шығынның азаюына ықпал етеді. Березиннің болжамы осы жайтқа негізделген.
Инфляция мен жұмыссыздық арасындағы байланыс «Филлипс қисығы» арқылы өлшенеді. «АҚШ экономикасы 2022-2023 жылдарда осы филлипс қисығынан тысқары болғандықтан, рецессияны айналып өтті. Жұмыс күшіне қатысты ұсыныс көп болғанмен, оған сұраныстың аз болуы жалақының баяу көтерілуіне әрі ашық жұмыс орындарының азаюына әсер етті», – деп жазыпты ол.
Березин Еуропа мен Қытайда да ауқымды экономикалық қиындықтар болады деп болжайды. Бұл сценарий жаһандық өсуді одан әрі әлсіретіп, қор нарықтарына едәуір қысым түсіруі мүмкін.
Францияда бірінші турда әсіре оңшылдар жеңіске жетті
Дүйсенбіде Францияның қор нарығы елдегі парламенттік сайлаудың бірінші турының нәтижесіне қарай аздап өсім көрсетті. CAC 40 сауда жабылғанда 1,09%-ға көтерілді. Қазіргі президент Эммануэль Макрон партиясының қарсыласы – Марин Ле Пеннің әсіре оңшыл партиясы бірінші турда жеңіске жеткенмен, айқын басымдық танытқан жоқ.
7 шілдеде өтетін екінші турда Ле Пен партиясы парламенттегі көпшілік орынға қол жеткізе алмауы мүмкін. Бұл нарықтың қолайына жағып отыр деп жазады Bloomberg. Инвесторлар Францияның ЕО жобаларына қатысуын азайту арқылы, халықты қолдау бағдарламасын алға тартып отырған оңшылдарға қырын қарайды.
JPMorgan Asset Management-тің жаһандық нарық жөніндегі стратегі Винсент Ювинс инвесторлардың реакциясына қайран қалды. Оның айтуынша, қуануға әлі ерте. Оның үстіне, өзара бәсекелес екі партияның да саясаты «француз экономикасы мен қарызының болашағын жақсартпайды».
Болжамды өндіріс көлемі 5,3% болғанда, биыл ел тапшылығы өндіріс көлемінен 3%-дан (Еуропалық Одақтың ережесінде белгіленген қарыз алу лимитінен) әлдеқайда көбірек асып кетті. Халықаралық валюта қоры 2024 жылы елдің қарызы өндіріс көлемінен 112%-ға дейін асады деп топшылайды.
Дүйсенбіде франциялық он жылдық мемлекеттік облигациялардың спреді немістің бағалы қағаздарымен салыстырғанда жеті базистік тармаққа, ал соңғы екі аптада 30 базистік тармақтан аса кеміді. Трейдерлер бұрын қауіпсіз актив ретінде сатып алған франциялық бағалы қағаздарды жаппай сата бастады.
АҚШ-тағы сайлау қарсаңындағы дебат қор нарығында дүдәмалдық тудыруда
АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден отставкаға кетсе де, кетпесе де, инвесторлар алдағы айларда бағаның құбылуына дайын болуы керек деп жазады Yahoo Finance. Республикалық партияның жетекшісі Дональд Трамппен өзара пікірталаста Джо Байден әлсіздік байқатты. Содан кейін демократтар өздерінің көшбасшысының қартайып, қабілеті нашарлап қалғанын айтып, оны отставкаға жіберу туралы сөз қозғай бастады.
Партияның жақтастары Джо Байденнің бұл жарысқа төтеп беріп, екінші мерзімге қайта сайланатынына аса сенімді емес. AGF Investments өкілі Грег Вальердің айтуынша, егер демократтар Байденнің орнына жаңа кандидат ұсынса, бұл нарықтың «құбылуына әрі тұрақсыз болуына» әсер етуі мүмкін.
Yahoo Finance дереккөздері Байденнің орнына ықтимал кандидаттар арасында Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом, Мичиган губернаторы Гретхен Уитмер, Пенсильвания губернаторы Джош Шапиро, сауда министрі Джина Раймондо және бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон бар деп хабарлайды. Вице-президент Камала Харрис пен сауда министрі Джина Раймондоға нарық оң көзбен қарауы мүмкін.
Renaissance Macro өкілі Стив Павликтің ойынша, Байденнің Чип туралы заңы сияқты негізгі заңнамалық актілерді дайындауға қатысқан сауда министрі Джина Раймондоны IT-кәсіпорындардың жылы қабылдайтыны сөзсіз және оған Кремний алқабының алпауыттары демеуші болуы ықтимал.
Saudi Aramco 2030 жылға қарай газ өндіруді 60%-ға арттырады
Bloomberg-тің хабарлауынша, Сауд Арабиясының ең ірі энергетика компаниясы Saudi Aramco Джафура кен орнында газ өндіруді арттыру үшін, құрылысқа 25 млрд доллар инвестиция салмақ. Ол корольдіктің шығысында, әлемдегі ең ірі Гавар мұнай кен орнының оңтүстік-шығысында орналасқан. Кеннің жалпы қоры – 200 трлн текше фут.
Компанияның мәлімдеуінше, жоспарланған инвестицияның 12,4 млрд доллары Джафурада газ өндіруді арттыруға бағытталады. Газ тарату жүйесін кеңейтуге тағы 8,8 млрд доллар жұмсалмақ. Aramco оған қоса, 2,4 млрд долларды газ қондырғыларын жеткізу жөніндегі келісімшарттарға арнады.
Еске сала кетсек, әлемдегі ең ірі газ қоры Сауд Арабиясында орналасқан. Жалпы, кен орнын игеруге 100 млрд доллар жұмсалады және 2030 жылға қарай компанияның газ өндірісі 60%-дан аса артады деген болжам бар. Aramco-ның мәлімдеуінше, газ, ең алдымен, елдің өнеркәсібін қамтамасыз ету үшін пайдаланылмақ және артылып қалғаны сұйылтылған табиғи газ түрінде экспортталуы мүмкін.