2024 жылы елге келетін қандастар мен ел ішінде қоныс аударушыларды қабылдау ережесі өзгереді. Енді қоныс аударушыларға бөлінетін квотаны қысқарту есебінен қандастар санын арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жариялаған бұйрық жобасында жазылған.
«Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № 530 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33822 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін: қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасының саны 3 033 адам; қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасының саны 6 450 адам болып белгіленсін», – деп жазылған министрлік жобасында.
Қазіргі таңда қандастарды қабылдау өңірлік квотасы 2433 адамды, ал 2024 жылға арналған қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 7050 адамды құрайды.
Енгізіліп жатқан өзгеріс өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының ұсынысы бойынша енгізіліп жатыр.
«Қандастарды қабылдаудың белгіленген квотасы 600 адамға артып отыр, қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын дәл осы санға қысқарту арқылы квотаның жалпы көлемі өзгермейді. Өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының ұсынысы бойынша өзгерістер енгізілуде», – деп түсіндірді құжатты әзірлеушілер.
Осыған дейін қандас мәртебесін алуға ниетті адамдардың ұлты қазақ екенін айқындау үшін арнайы қағидалар әзірленген. Құжатқа сәйкес, қандас мәртебесін беретін кезде қандай да бір күмән тудыратын жағдайлар болса, ол азаматтың ұлтын анықтау арнайы қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
Сондай-ақ атажұртқа оралған азаматтарға «қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдетілген. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады.