ШЫҰ саммиті қарсаңында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) Қытайдың жетекші қаржы институттарымен келісімдерге қол қойды.
Ұзақмерзімді қаржы ресурстарын тарту арқылы инфрақұрылым, өңдеу өнеркәсібі және «жасыл» энергетика, агроөнеркәсіп салаларын инвестициялау көзделген.
Қытай құрылыс банкінің (China Construction Bank) Астанадағы бөлімшесі Қазақстан даму банкіне 500 млн АҚШ доллары сомасында жеңілдетілген кредиттік қаражат бермек.
Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім бойынша банк инвестициялық жобаларды қаржыландырмақ.
Қытайдың мемлекеттік даму банкі (China Development Bank) ҚДБ-ға 250 млн АҚШ доллары және 2 млрд Қытай юані сомасында жеңілдетілген кредит беруді көздейді. Несие қаржысы жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асатын республикалық маңызы бар автожолдарды қалпына келтіруге бағытталады. Жоба өңірлердің көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған. Осы мақсатта ҚДБ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның 450 млрд теңгеге баламалы кредит желісін ашты.
Қазақстан даму банкі China Power International Holding және «Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі» АҚ арасында синдикатталған қарыз беру ниеті туралы келісім жасалынды. Келісім бойынша қаржы ресурсы Ақмола облысында жалпы қуаты 220 МВт жел станциясын салуға жұмсалады.
Бұдан бөлек ҚДБ Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің синдикатына қатысуды жоспарлап отыр.
Бұл инвестициялық жоба бес жел электр станциясының құрылысын жүргізуге мүмкіндік береді:
- Борей ЖЭС (100 МВт),
- Energo Trust ЖЭС (50 МВт),
- Софий ЖЭС (39 МВт),
- Арқалық ЖЭС (17 МВт)
- Jasil Jel Energy ЖЭС (14,95 МВт).
Тағы бір маңызды құжат қуаты жылына 1 млн тонна бидайды терең кешенді өңдеу жобасына арналды. ҚДБ, «Shijixianghe Asia Pte. Ltd.» компаниясы және «Қазақстанның астық консорциумы» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өнімді халықаралық нарықтарға экспорттау қарастырылды.
«Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік ынтымақтастықты кеңейтеді, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған елімізде стратегиялық маңызды жобаларды іске асыру үшін мүмкіндік туғызады. Біз Қытайдан келген серіктестермен ынтымақтастығымыз екі ел үшін де айтарлықтай пайда әкелетініне сенімдіміз. Біз үшін инвестициялар тағам өнеркәсібі және баламалы энергетика сияқты маңызды салаларға бағытталатыны маңызды», – деп атап өтті ҚДБ басшысы Марат Елібаев.
ҚДБ еліміздегі агроөнеркәсіп жобаларын 1,2 трлн теңгеге қаржыландырады.
«Қазақстан Даму Банкі» АҚ 2024 жылдың І тоқсанында 38,4 млрд теңге жиынтық табыс тапқан. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 млрд теңгеге кем. Былтыр банктің І тоқсандағы жиынтық табысы 42,4 млрд теңгені құраған.
ҚДБ-ның 31 наурызға дейінгі аудиттелмеген шоғырланған қаржы есебіне сәйкес, операциялық табысы 49,9 млрд теңге болды. Таза пайыздық табысы 2023 жылмен салыстырғанда 5 млрд теңгеге өсіп, 42,7 млрд теңгеден 47,6 млрд теңгеге жеткен.
2023 жылдың 3 айымен салыстырғанда банктің активтері де, міндеттемелері де артқан. Қазіргі кезде банктің жиынтық актив көлемі 4,5 трлн теңгеге тең. 2023 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4,3 трлн теңге еді.
Банктің міндеттемелері қаңтар-наурыз айының нәтижесінде 3,74 трлн теңгеге жеткен. 2023 жылдың І тоқсанында ол 3,42 трлн теңге болған.
2023 жылы 180 млрд теңге таза табыс тапқан қаржы ұйымы өз акционеріне 90 млрд теңге дивиденд төлейтінін хабарлаған болатын. Банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі».