Жаңалықтар

Bloomberg сауалнамасы: қытайлық акциялардың жылдық нәтижесі жақсы болуы мүмкін

Өсіп келе жатқан биржа үрдісін бейнелейтін Шэньчжэнь қор биржасының алдындағы бұқа мүсіні / Фото: Shutterstock

Bloomberg сауалнамасына қатысқан қаржыгерлердің пікірінше, Қытайдың «көгілдір фишка» индексі CSI 300 биыл 2020 жылдан бері алғаш рет жылдық өсімді көрсетеді. Жағдайды жақсартуға корпоративтік кірісті қалпына келтіру және шетелдік инвестиция ағыны ықпал етуі мүмкін.

Толығырақ

Bloomberg сауалнамасына қатысқан сарапшылар мен қаржы менеджерлері Қытай қор нарығына екінші жартыжылдық жағымды болады деп топшылайды. Олар CSI 300 индексі 2020 жылдан бері бірінші рет жылдық өсімді көрсетеді, ал Гонконгтың Hang Seng индексінің төрт жылға созылған сәтсіз кезеңі аяқталады деп болжайды.

Сауалнамаға қатысушылардың Қытайда тұратын бөлігі алдағы алты айда MSCI China мен CSI 300 индексіндегі компаниялардың табысы ең төменгі шегіне жетеді деп санайды. Ал 93%-дан көбі шетелдік капитал ағыны артады деген ойда. Ғаламдық қорлардың маусым айында 44,4 млрд юанға (6,1 млрд доллар) акция сатуы қазан айынан бергі ең ірі қаржы жылыстауы болды.

Bloomberg-тің хабарлауынша, сарапшылар Қытайдың қор нарығы тартымды баға мен экономиканың қарқынды өсуінің арқасында қалпына келеді деген үмітте. Олар MSCI ACWI (All Country World Index) индексінің акциялары мен қытайлық акциялардың баға айырмашылығын 2020 жылдан бергі ең үлкен алшақтық деп есептейді.

Респонденттер CSI 300 индексі үшінші тоқсанның аяғында шамамен 6% – ға 3 680 және жыл соңына дейін 3 850 тармаққа дейін өсуі мүмкін деп санайды. Ал Hang Seng индексі, олардың ойынша, тоқсанның соңына қарай 10% – ға, яғни 19 500 тармаққа, ал жылдың соңына қарай 20 950 тармаққа дейін көтерілуі мүмкін. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі қор нарығына ірі шетелдік инвесторлар, сақтандыру компаниялары және биржа қорлары келеді деп күтеді.

Сарапшылар не дейді?

«Жапония мен Үндістанның қымбат технологиясынан табыс тауып жатқан инвесторлар Қытайға ойысуы мүмкін. Қытай экономикасы біртіндеп қалпына келеді, ал инвесторлардың позициясы жақсара түседі», – деді Union Bancaire Privee-дің басқарушы директоры Вей-Серн Линг.

Жыл басында жүргізілген осыған ұқсас сауалнама арқылы қытайлық қор индекстеріне жағымды факторлардың аз екені байқалған еді. Ол кезде респонденттер Қытай экономикасының ахуалына байланысты, Бейжіңнің қолдауы нәтижесіз болуы мүмкін деген болатын. Соған қарамастан, сауалнамаға қатысушылар CSI 300 -дің жылдық өсімі 21% болады деп болжады.

Контекст

Бұған дейін, америкалық инвестиция банкі Goldman Sachs екінші жарты жылдықта АҚШ қор нарығындағы инвесторлар жоғары тәуекелге тап болады деп ескерткен болатын. «Акция иеленушілер үшін айрықша тәуекел ету қаупі күшейіп келеді», – деп жазды Goldman Sachs стратегі Питер Оппенгеймер.

Оның ойынша, саясат ширығып тұрған тұста акция бағасының көтеріңкі болуы  қобалжуға тұрарлық. Дегенмен ол әдетте бірінші жартыжылдық жақсы өтсе, келесі жарты жылдық та жақсы болатынын айтқан.