АҚШ-та жұмыс орындарының саны ақырын өсіп келеді, бұл мөлшерлеменің тезірек төмендеуіне әсер етуі ықтимал. Алайда ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл ақша-несие саясатын жұмсартуға әлі ерте деп санайды. ЕОБ, керісінше, 2024 жылдың соңына дейін мөлшерлеме тағы бір рет төмендейді деп болжайды. Осы және басқа тақырыптар туралы 2 шілдедегі әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.
Пауэлл: Инфляцияның беті қайтты, бірақ бұл әлі де жеткіліксіз
Сейсенбі, 2 шілдеде, АҚШ Федералды резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл инфляцияға қарсы күресте «азғантай жеңіске» қол жеткенін және ФРЖ-ға пайыздық мөлшерлемені төмендету үшін «көбірек дәлел керек» екенін айтты деп жазады FOX Business.
Португалиядағы форумда сөйлеген сөзінде Пауэлл сәуір мен мамыр айына жасалған есеп инфляцияның баяулағанын көрсетті, бірақ бұл игі өзгеріс әлі біразға дейін сақталуы қажет екенін айтты. АҚШ-та мамырда жеке тұтынушылыққа қатысты инфляция индексі 2,6%-ға дейін төмендеген болатын. Сонымен қатар негізгі бағалар 2,6%-ға көтерілді. Бұл 2021 жылдың наурызынан бергі ең аз өсім болды.
ФРЖ басшысы қазір пайыздық мөлшерлемені ерте төмендетпес бұрын, барлық қауіпті ескеріп, көрсеткіштерді теңдестіру маңызды екенін атап өтті. «Себебі бұл қайтадан инфляцияны тудыруы немесе мөлшерлеменің төмендеуі ұзаққа созылып кетсе, экономикаға қысым түсіп, рецессияға ұласуы мүмкін», – дейді ол.
Пауэллдің бұл мәлімдемесі америкалық қор нарығын толқыта қойған жоқ – үш негізгі қор индексі де жасыл аймақта жабылды.
АҚШ-тың еңбек нарығы суына түсуде
АҚШ-та жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны мамыр айында алдыңғы екі айға қарағанда аздап өсті. Бірақ еңбек нарығы әлі де әлсіреп жатыр деп жазады Reuters. Еңбек министрлігінің есебі мамыр айында әр жұмыссыз адамға 1,22 бос жұмыс орны тең келгенін көрсетті. Бос жұмыс орындарының саны мамыр айының соңында 221 мыңға дейін көбейіп, 8,140 млн-ға жеткен. Ал сәуір айында көрсеткіштің төмендегені байқалды, яғни алдыңғы 8,059 млн-нан 7,919 млн-ға түскен.
Reuters сауалнамасына қатысқан экономистер мамыр айында 7,910 миллион жұмыс орны ашық болады деп болжады. Егер салыстыратын болсақ, 2022 жылдың наурызында бұл көрсеткіш 12,182 миллионға жеткен еді. Бір жыл ішінде ол шамамен 1,2 миллионға қысқарды.
«Деректерге қарасақ, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасы қалпына келе бастағанын байқап тұрмыз. ФРЖ-ның келешектегі міндеті – пайыздық мөлшерлемені лайықты деңгейде ұстап тұру, сонда ғана инфляцияны ауыздықтауға әрі еңбек нарығын қолдауға мүмкіндік туады», – деді High Frequency Economics-тің экономисі Рубила Фаруки.
Әлемдік инвестициялық банктер Қытайдағы өзінің жұмыс орындарын қысқартып жатыр
Батыстың қаржы институттары Қытайдағы қызметкерлерінің санын азайтуда деп хабарлады FT. Басылым бұл жайтқа Уолл-стриттің және ЕО-ның қытайлық жеті инвестициялық банк бөлімшесінің кем дегенде бесеуінің шығынға ұшырағаны немесе табысы азайғаны себеп болды деп хабарлады. Бұл деректер жақында жарияланған жылдық есептен мәлім болды. Сонымен қытайлық JPMorgan, Deutsche Bank, Morgan Stanley, Credit Suisse, HSBC, UBC, Goldman Sachs бөлімшелеріндегі қызметкерлердің жалпы саны 1781-ге дейін қысқарған. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 13%-ға аз.
FT сауалнамасына қатысқан сарапшылар бұған Қытайдың капитал нарығындағы белсенділіктің бәсеңдеуі, экономиканың баяулауы және сауда-саттықтағы теке-тірестің күшеюі себеп болды деген ойда. «Батыстың инвестбанктері тығырыққа тірелді, – дейді The Asia Group консалтингтік компаниясының ҚХР нарығын талдау жөніндегі директоры Хань Лин. – Іскерлік белсенділіктің төмендеуі инвестицияның да және іске асуы тиіс жаңа мәмілелердің де азаюына әсер етуде. Сондықтан кейбір компаниялардың шыдамы таусылды. Оның үстіне, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде басқа мүмкіндіктер көбейіп келеді».
Мысалы, өткен жылы UBS сатып алған Credit Suisse бөлімшесінде қызметкерлер саны 46%-ға, 126 адамға дейін қысқарған. Оның үстіне UBS бөлімшені ҚХР-дың Мемлекеттік қорына сатуға келісті. Ал Goldman Sachs China қызметкерлерінің саны 500-ден 370-ке дейін азайған, бірақ банктің жұмыс орындарын әлем бойынша қысқартқанын да ескеру қажет.
Еуроодақта инфляция төмендеп келеді: Еуропа орталық банкінің басшысы алда тағы бір жеңілдік болады деп топшылайды
Ирландияның Орталық банк басшысы Габриэль Махлуф биыл пайыздық мөлшерлеме тағы бір рет төмендейтінін болжайды. Бірақ, оның ойынша, одан бөлек жеңілдік бола қоймас, өйткені инфляцияның тұрақты төмендейтініне көз жеткізу керек деп жазады Reuters. Оның пікіріне сенсек, жақын арада ЕО көздегендей инфляция көрсеткіші 2% болмақ.
2 шілде де жарияланған деректер маусым айында Еуроаймақтың 20 елінде инфляция бір ай бұрынғы 2,6%-дан 2,5%-ға дейін баяулағанын көрсетті. Махлуфтың айтуынша, бұл сандар реттеушінің дұрыс әрекет етіп жатқанын растайды. Оны алаңдатып отырған бір нәрсе – ЕО-дағы қызмет көрсету саласындағы инфляцияның артуы, ол 4,1% болып тұр.
Бұған дейін мамыр айында ЕОБ мөлшерлемені төмендеткен болатын. Алайда реттеушінің басшысы Кристин Лагард бұдан кейін ақша-несие саясатын жеңілдетуге асықпайтынын мәлімдеген еді.