«Самұрық-Энерго» Қазақстанда алғашқы гидроаккумуляциялық электр станциясын (ГАЭС) салу туралы келісімге қол қойды. ГАЭС-ті қытайлық China International Water & Electric Corporation компаниясымен бірлесіп салады.
ГАЭС деген – электр энергиясын өндіру, жинақтау және электр жүктемесі кестесінің тәуліктік әркелкілігін теңестіру үшін қолданылатын су электр станциясы.
Бұл келісімге Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің алаңында қол қойылған. Екі компания бірлесіп ГАЭС жобасын әзірлеп жүзеге асырмақ.
«Атап айтқанда, CWE компаниясы Қазақстанның гидроэнергетикалық әлеуетін талдаумен қатар жоба бойынша техникалық-экономикалық зерттеуді жүзеге асыруға ниетті. Сондай-ақ, қытайлық мамандар гидроэнергетикалық жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісуге және ГАЭС құрылысына атсалысуға дайын екендіктерін білдірді» – деп жазылған хабарламада.
China International Water & Electric (CWE) – су электр станцияларын салуға мамандандырылған Қытай халықаралық су және энергетика корпорациясы.
«Самұрық-Энергоның» жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» қоры – «Самұрық-Энерго» құрылымына 23 компания кіреді. Компанияның негізгі активтері Павлодар, Түркістан, Алматы облысында және Алматы қаласында орналасқан. «Самұрық-Энерго» тобына «Богатырь Көмір», «Алматы электр станциялары», «Екібастұз ГРЭС-1» және ГРЭС-2 (акцияларының 50%), Балқаш ЖЭО, «Алматы Энергосбыт» және т.б. кіреді.
Компанияның аудиттелмеген есебіне сәйкес, бірінші тоқсанда 4,6 млрд теңге шығынға ұшырады. 2023 жылдың дәл осы кезеңінде компания 24,9 млрд теңге пайда тапқан.
Жақында жалпы сомасы 59,7 млрд теңгеге 635 500 қарапайым акцияны орналастырды. Қаражат «Самұрық-Қазынадан» еліміздің шығысындағы екі су электр станциясының: Шүлбі СЭС-і мен Өскемен СЭС-інің 100 пайыздық үлесін сатып алуға жұмсалды. Өскемен СЭС-інің сметалық құны сәйкесінше 36,2 және 23,5 млрд теңгені құрайды.