Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрлігі су тасқынынан зардап шеккен мектептерді жөндеуге Үкімет резервінен 7,5 млрд теңге бөлуді сұрап отыр

7,5 млрд теңге қалай жұмсалады? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті су тасқынынан зардап шеккен мектептерді қалпына келтіруге Үкімет резервінен 7,5 млрд теңге бөлуді сұрап отыр. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

«ҚР Оқу-ағарту министрлігіне 2024 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген ҚР Үкіметінің төтенше резервінен 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен білім беру объектілеріне, Ақмола, Ақтөбе және Қостанай  облыстарының бюджеттеріне жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізуге ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде аудару үшін 7 млрд 533 млн 26 мың 230 теңге сомасында қаражат бөлінсін», – деп жазылған құжатта.

Қаражат аталған облыстардың әкімдігіне аударылады. Олар 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін қаражатты мақсатты игергені жөнінде Оқу-ағарту министрлігіне есеп беруі тиіс. 

Мектеп, балабақшаларға бөлінген сома әртүрлі. Мәселен, Ақмола облысы бойынша:

  • Атбасар ауданы, Атбасар қаласындағы №1 орта мектеп ғимаратының бірінші қабаты мен жертөлесіне ағымдағы жөндеу – 228 млн 19 мың 951 теңге;
  • Атбасар ауданы, Сергеевка ауылында орналасқан Атбасар аудандық білім бөлімі жанындағы «Ишим» ауылдық сауықтыру кешеніне ағымдағы жөндеу – 53 млн 577 мың 763 теңге;
  • Жарқайың ауданы, Дережавинск қаласы, Пригородный ауылы мекенжайында орналасқан Абай атындағы орта мектептің ағымдағы жөндеу – 181 млн 429 мың 382 теңге.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі 2024 жылғы 20 желтоқсанға дейінгі мерзімде бөлінген қаражатты мақсатты пайдалану жөніндегі есепті Қаржы министрлігіне ұсыну керек. Қаулы 18 шілдеге дейін жария талқыға шығарылған.

Еске сала кетсек, биыл көктемде еліміздің солтүстік және батыс аймақтарын су басты. Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратура су тасқынына байланысты тергеу жұмыстарын бастады