Астананың апелляциялық сот алқасы бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйелі Ғалия Ысқақова, экс-министрдің адвокаты Мұстақым Төлеевке қатысты үкімді қарады.
Сот алқасы Ғалия Ысқақованың әрекетін қылмыстық кодекстің 368-бабы 1-бөлігінен (парақорлыққа делдал болу) қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігіне (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) ауыстыру туралы шешім шығарды. Алайда 6 айға сотталған Ысқақованың жазасы өтелген деп саналады. Бұған оның 2023 жылдың 5 шілдесінен бастап үйқамақта отырғаны, үйқамақтағы бір күнді түзеу мекемесінің екі күніне тең келетіні әсер еткен.
Ал басқа шағымдар бойынша бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалды.
«Үкімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалсын. Сотталғандар мен олардың адвокаттарының өтініші қанағаттандырылмайды», – деді сот алқасының төрағасы Шынар Ерғалиева.
Айта кетейік, 2024 жылдың 13 ақпанында осы қылмыстық іс бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әйелі Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Мұстақым Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.