Жаңалықтар

Тимур Құлыбаевтың «Кристалл Менеджмент» компаниясы қытайлық ұйымға геологиялық барлау жұмыстары туралы ақпарат сатады

«Кристалл Менеджмент» Қытайға қызмет түрін экспорттауға рұқсат алды. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кристалл Менеджмент» компаниясы қытайлық компанияға геологиялық барлау ақпаратын сатады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасындағы хабарламасында жазылған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті компанияға жекелеген тауар түрлерін экспорттауға лицензия берген. Лицензияның қолдану мерзімі – 2024 жылдың 28 маусымынан 2025 жылдың 28 маусымына дейін.

1 рет ұсынылатын қызмет сипаттамасында «іздестіру жұмыстары, геологиялық барлау жұмыстары, сынақ пайдалану жобаларын, геологиялық және сейсмикалық барлау жұмысының нәтижесі туралы есептерді (мәтіндер мен графика)» берілетін жазылған. Комитет төрағасы Ерлан Акбаров қол қойған лицензия 1 шілдеде берілді. Лицензия беруге екі компания арасындағы 15 мамырдағы келісім-шарт негіз болған.

Бұл ақпаратты Қытайдың Дацин қаласында орналасқан «Дацин Гуошан-цицзянь» мұнай технологияларын дамыту» компаниясы сатып алмақ.

Бұл қызмет түрі Кеден одағына мүше мемлекеттердің үшінші елдермен сауда-саттығы аясында импорт немесе экспортына шектеу қойылған тауарлар қатарына жатады. Осыған байланысты Қазақстанның мүдделі мемлекеттік мекемелерінен экспортқа лицензия алу талап етіледі.

Жыл басында «Кристалл Менеджмент» компаниясыҚызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Сұлутабан мұнай-газ кен орнын игеру басталатынын хабарлаған.

«Кристалл Менеджмент» АҚ-ның 51 пайызы акциясына миллиардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі Joint Resources компаниясы иелік етеді. Ал 24,5 пайыз акциясы Euroasia Construction компаниясының иелігінде болса, 15 пайызын Pozitiv-A» JSC компаниясына тиесілі. Ал FCI Management ЖШС 9,5% акциясына иелік етеді.

Компания 2008 жылдан бері энергетика саласында қызмет атқарады. Сондай-ақ, 2014 жылдан бері компания жер қойнауын пайдалану саласында жұмыс істейді.