Банк пен қаржы

Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанға салынатын инвестиция көлемін екі есе арттырмақ

инвестиция
ЕҚДБ инвестиция көлемін артырады. Фото:kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанның тұрақты даму жобаларына салынатын инвестиция көлемі екі есе арттырмақ. Бұл туралы ЕҚДБ Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директорының міндетін атқарушы Хусейн Өзхан мәлімдеген.

Қолданыстағы жобалардың жай-күйі мен ЕҚДБ-ның жаңа жобаларды қаржыландыру жөніндегі жоспарлар Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен ЕҚДБ-нің Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директорының міндетін атқарушы Хусейн Өзханмен кездесуі барысында талқыланған.

Хусейн Өзханның айтуынша, биыл банк Қазақстан экономикасына құйылатын инвестиция көлемін кем дегенде екі есе арттыруды жоспарлап отыр.

Банк KEGOC-пен бірлесіп елдің батысында электрмен жабдықтау саласында ірі жоба іске асырып жатыр. Бұған дейін ірі аумақтық жоба – Ақтөбе қаласында жаңа тазарту құрылыстарын салуға қол қойылған. Сонымен қатар, «Аралтұз» АҚ жетекші ас тұзын өндірушісінің жаңа өндірістік қуаттарын салуға, сондай-ақ әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін қолдауға қаражат бөлінді.

2024 жылдың маусым айында құрылысын ЕҚДБ қаржыландырған Алматы әуежайының жаңа жолаушылар терминалы ашылды.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Қазақстан ЕҚДБ-мен елдік әрі аймақтық деңгейде ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті, сондай-ақ банктің жеке секторға инвестиция салуға деген ұмтылысын қолдайды.

«Еліміз энергетика және көлік-логистика, жаңартылатын энергия көздері мен жеке бизнесті дамыту жобаларын жүзеге асыру үшін инвестиция тарту бойынша ЕҚДБ-мен өзара тиімді жұмыс істеуге дайын», — деді вице-премьер.

ЕҚДБ Қазақстанда қызметін бастағалы бері 324 жоба аясында ел экономикасына €10,2 млрд инвестиция салды. Қазіргі уақытта банктің Қазақстандағы жобалық портфелінде құны €2,9 млрд асатын 121 жоба бар. Ал 2023 жылы Қазақстанға 300 млн еуро инвестиция салған.

ЕҚДБ қазір Қазақстанда тәуекелдерді бөлісу бойынша жалпы құны 7,4 млрд теңгені құрайтын 9 транзакцияға қатысып отыр. Тәуекелді серіктес банктермен бөлісе отырып, ЕҚДБ жергілікті ШОБ-ты несиелеу мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ, банктерге тәуекелдерді қабылдау қабілетін арттыру, капиталды жеңілдету және тәуекелдерді басқаруды жақсартуға көмектеседі.

Бұған дейін банк Көкшетаудағы аурухана құрылысына 110 млн еуро қарыз беретіні белгілі болды.