Банк пен қаржы

Түркістан облысындағы 5 ломбардтың лицензиясы 3 айға тоқтатылды

5 ломбардтың қызметі 3 айға тоқтады. Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағы 5 ломбардтың қызметін 3 айға тоқтатты. Жұмысы тоқтаған ломбардтар қатарында «Ломбард «Феруна» ЖШС,  «ЛОМБАРД ТУРАН.KZ» ЖШС, «Ломбард Amanat Gold», «Престиж 1 Ломбард», «Южный Ломбард» ЖШС бар.

Аталған ұйымдар «Микроқаржы ұйымдарының қызметі туралы» заң талаптарын бұзған.

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы, 1 тармағының, 2-тармақшасына сәйкес, лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға пруденциалдық нормативтерді және (немесе) сақтауға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзу негіз болды», – делінген агенттік хабарламасында.

5 ұйым да Түркістан облысында орналасқан. Олар лицензиясы тоқтатылған мерзімде жаңа несие бере алмайды. Сонымен қатар, клиенттермен жаңа келісімшарт жасауға құқығы жоқ. Бұған дейін жасалған шарттардың мерзімін ұзартуға болмайды.

Лицензиясы тоқтатылған ломбардтардың клиенттері бұған дейін алған қарызын өтей береді. Егер қарыздың төлем мерзімін кешіктірсе, ломбард алдындағы міндеттемелерін бұзғаны үшін жауапты болады.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі кеше 4 микроқаржы ұйымының лицензиясын тоқтатқан болатын. Олар: «Бренд ломбард» ЖШС, «Ұлдан-ломбард» ЖШС, «TIYN-S ломбард» ЖШС және «Әл-Фараби ломбард» ЖШС. Реттеуші бұл микроқаржы ұйымдары пруденциалдық нормативтер мен басқа да міндеттерін бұзды деп тапты.

Бұған дейін агенттік еліміздегі ірі «Взаймы», Sofi Finance және Creditum микроқаржы ұйымдарын лицензиясынан айырған болатын. Сонымен қатар Hava Finance, POS Credit SF Offline, «Сәлем Кредит», және Express Аванстың да лицензиясын уақытша тоқтатқан.