Қазақстандағы екі ірі микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Жарияланды
Шығарушы редактор
Sofi Finance пен Creditum МҚҰ лиценнзиясынан айырылды Фото: shutterstock.com

Қазақстанда тағы екі микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Sofi Finance және Creditum МҚҰ-сына қатысты осындай шешім шығарды. Қазақстандағы ең ірі МҚҰ қатарына кіретін компаниялар енді тұрғындарға микроқарыз бере алмайды.

«Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Алматы қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы бастығының 2024 жылғы 16.04 №46 және №47 бұйрықтарына сәйкес «Sofi Finance микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Creditum микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі –МҚҰ) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияларынан айырылды», – делінген хабарламада.

Бұл мекемелер «Микроқаржылық қызмет туралы» заң мен Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілері талаптарын бірнеше рет бұзған.

Енді заңға сәйкес, лицензиясынан айырылған қос ұйым өз атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөзді алып тастауы шарт. Одан бөлек, микроқарыз беруді меңзейтін сөздерді алып тастап, қайта құрылуы қажет немесе заңды тұлға микроқаржы ұйымы ретіндегі жұмысын тоқтатуы тиіс.

МҚҰ клиенттері ұйым алдындағы қарызын өтеуі керек. Олар жасалған несие шартының талаптарына сәйкес, МҚҰ алдындағы міндеттемесін орындауын жалғастырады.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, қазіргі кезде Қазақстан қаржы нарығында 229 МҚҰ жұмыс істейді. Осы тізімде SOFI FINANC көлемі жағынан 19-орында, ал Creditum 20-орында тұр.

Sofi Finance активтері 10,8 млрд теңгеге тең. Несие портфелі – 10 млрд теңге, міндеттемелері – 4,9 млрд теңге, меншікті капиталы – 5,8 млрд теңге, таза пайдасы – 5,9 млрд теңгені құрайды.

Ал Creditum активтері 9,8 млрд теңгеге жеткен. Несие портфелі 8,6 млрд теңгеге тең. МҚҰ міндеттемелері – 4,7 млрд теңге, меншікті капиталы – 5,1 млрд теңге таза пайдасы – 3,4 млрд теңгені құрады.

Қос микроқаржы ұйымының құрылтайшысы – AS Sun Finance Central Asia компаниясы мен Виталий Нижегородцев деп көрсетілген.

Наурыз айында ҚНРДА «Взаймы» микроқаржы ұйымын лицензиясынан айырған болатын. Сонымен қатар Hava Finance, POS Credit, SF Offline, «Сәлем Кредит», «Express Аванс» МҚҰ-ның лицензиясы 3 айға тоқтатылған.

Сондай-ақ оқыңыз