Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ұлдана Сүлейменова ұшақ бортында бұзақылық жасады деп айыпталған әнші Қайрат Нұртасқа қатысты үкім шығарды. Сот әншіге прокурор сұраған 15 тәулікке қамау жазасын кесті.
Сот Қайрат Нұртасқа қатысты екі бап бойынша іс қаралғанын айтты. Бірінші бап бойынша Қайрат Айдарбеков (Нұртас) пен Асылбек Бекқайыров арасында бітімгершілік келісім болғандықтан, іс жабылды.
Екінші бап (қоғамдық тәртіпті сақтамау және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзу) бойынша сот Қайрат Нұртасты кінәлі деп тауып, 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Ол жазасын Шымкент қаласында өтейтін болады.
«Әкімшілік қамаққа алу уақыты 2024 жылдың 4 шілдесі сағат 23:50-ден бастап есептелсін. Осы қаулыны орындау үшін Шымкент қаласы полиция департаменті әкімшілік тұтқынға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау орнына жолдансын», – делінген сот қаулысында.
Айта кетейік, бұл әншіге қатысты қозғалған 2024 жылдағы екінші әкімшілік құқық бұзушылық іс. 29 сәуірде әнші сахнада балағат сөз айтқаны үшін ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл төлеген.
Сот өз шешімін түсіндіру кезінде әншінің 2023 жылы осы бапқа қатысты тағы бір істе кінәлі деп танылғанын және қылмысты екінші рет қайталағанын атап өтті. Судья Сүлейменова әнші бірінші рет істі болғанда, судья шешіміне шағым түсірмегенін, жоққа шығармағанын да ескерген.
«10 мамырда алдыңғы соттың үкімі өз күшіне енді. Бір уақыт өтпестен, 4 маусымда кешкі сағат 20:00 ұшақ бортында жанжал шығарып, әкімшілік құқық бұзушылық әрекет қайталады», – деді судья.
Сот 434-баптың 2-бөліміне сәйкес, Қайрат Нұртастың 15 тәуліктен 30 тәулікке дейін қамалуы керек болғанын айтты. Оның өз кінәсін мойындағанын ескере отырып, ең жеңіл жазаны тағайындаған.
Сот сонымен қатар, Асылбек Бекқайыровты да Әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп тауып, 10 тәулікке қамауға алуға шешім шығарды.
Осыған дейін мемлекеттік айыптаушы әншіні 15 тәулікке қамауды сұраған. Қайрат Нұртас өзінің концерттері мен тойлары барын айтып, тек айыппұл жазып беруді өтінген еді.
Көліктегі полиция ұшақ бортында бұзақылық және денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша белгілі әнші Қайрат Нұртасты ұстаған.