Жаңалықтар

БҚО-да Домбыра музейі ашылды

Оралда Домбыра музейі ашылды/ фото kursiv.media

Қазақстанда Ұлттық домбыра күніне іс-шаралар өтуде. Орал қаласында тұрғындар Құрманғазы мен Дина және Исатай мен Махамбет ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін қала орталығында Домбыра музейі ашылды.

Осы шарада Д. Нұрпейсіова атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрінің солист-қобызшысы, өнертану кандидаты, күйші Ықыластың ұрпағы Ақнәр Тәттібайқызы БҚО тарихи-өлкетану музей қорына Ықылас Дүкенұлы қобызы көшірмесін табыстады.

Жаңа музей екі қабатты ғимаратта орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында музейдің жаңа экспозициялары жабдықталған. Домбыра тарихы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Құрманғазы оркестрі, Батыс өңірінің домбырашылары залдары ашылды. Атап өтерлігі, Құрманғазы Сағырбайұлы залында күйшінің шапаны, сауыты, домбырасының көшірмесі, картинасы, Дина Нұрпейісованың домбырасы, шапаны, Дәулеткерей Шығайұлының картинасы, Махамбет Өтемісұлының картинасы, Сейтек Оразалыұлының картинасы және  қазақтың жарты киіз үйі орналасқан. Жертөле қабатында музей меңгерушісі мен экскурсия жетекшілеріне арналған бөлмелер, мәжіліс залы және гардероб бар.

Ұлттық домбыра күні басқа өңірлерде де іс-шаралар өткізілуде. Семейде мерекеге орай шеру ұйымдастырылды. Оған 200-ден астам домбырашы қатысты. Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Ұлттық домбыра күніне арналған «Әлемді күймен әлділеп…» атты концерт өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне орай Х парақшасында қазақстандықтарды құттықтады.

– Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бұл мерекенің қазақ руханияты үшін мән-маңызы зор. Қастерлі аспап дала өркениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Төл мәдениетіміздің құнды қазынасын сақтау – баршамыздың парызымыз. Домбыра төрден түспесін! – деп жазды Тоқаев.