Жаңалықтар

Вьетнамдық Sovico Group Qazaq Air әуе компаниясын 2 млрд теңгеге сатып алмақ

Qazaq Air
Qazaq Air әуе компаниясы 2 млрд теңгеге сатылуы мүмкін. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Вьетнамдық Sovico Group Qazaq Air әуе компаниясын шамамен 2 млрд теңгеге сатып алуы мүмкін. Келісім қыркүйекте аяқталады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

«Мәміле қыркүйектің аяғында аяқталады деп күтеміз… Мәмілені «Самұрық-Қазына» жүзеге асырып жатыр, менің ойымша, шамамен 2 млрд теңге болады», – деді Қарабаев.

Министр келісімшарт негізінде вьетнамдық компания Qazaq Air-дің бүкіл қарызын төлейтінін атап өтті. Әуе компаниясының қазіргі қарызы 38 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар жаңадан 20 ұшақ қосуға міндеттеме алған.

«Бірақ инвестордың өзі нарыққа 50-ге дейін ұшақ шығаруды жоспарлап отыр, өйткені SCAT және Air Astana әуе компанияларының әрқайсысында 54 ұшақ бар, бұл бәсекелестік пен әуе билеттерінің бағасына әсер етеді», – деді министр.

Бұл ретте инвестор Qazaq Air-дің 38 миллиард теңге көлеміндегі қарызын толығымен жауып, сонымен қатар 20 жаңа ұшақ сатып алады.

2023 жылдың қарашасында Көлік министрі Марат Қарабаев Вьетнамның VietJet Air компаниясы QazaqAir-ді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын. Ол шетелдік компанияның QazaqAir-ді сатып алған жағдайда қосымша 50 жаңа ұшақ жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Айта кету керек, шарттарға сәйкес Qazaq Air компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуге тиіс болған. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.

Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден, 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеді. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден жүріп жатыр. 

Мамыр айында Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры еншілес әуе компаниясы – Qazaq Air-ді вьетнамдық Sovico Group-қа сататынын хабарлады. Былтыр қор әуе компаниясын бірнеге рет аукционға шығарып сала алмаған еді.

Осыған дейін «Курсив» Вьетнамның SOVICO Group компаниясы Қазақстанда сауда-логистика орталығын ашуға ниетті екенін жазған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапары барысында SOVICO Group басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунг пен Petrovietnam компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгты қабылдап, кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Сонда SOVICO компаниялар тобына кіретін VietJet Air лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отырғаны айтылды.

SOVICO Group – Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құрады