Жаңалықтар

Утильалымға қарсы петиция бойынша қоғамдық тыңдаудың мерзімі мен өтетін орны белгілі болды

Утильалымға қатысты қоғамдық тыңдалымды тікелей эфир арқылы көруге болады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Утильалымға қатысты петицияны қарау жөніндегі қоғамдық тыңдаудың мерзімі мен өтетін орны белгілі болды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша «ҚР Халқы кәдеге жарату және алғашқы тіркеуге қарсы» петициясын қарау жөніндегі жұмыс тобының қорытындылары бойынша қоғамдық тыңдаулар 15 шілдеде сағат 11.00-де өтеді. Ол Алматы қаласындағы  «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС зауытында болады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ министрліктің әлеуметтік желідегі парақшасы мен бірқатар ақпарат агенттіктерінде тікелей эфир ұйымдастырылады.

Еске салсақ, мамыр айының соңында E-Petition.kz ресми порталында жарияланған утильалымға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналған болатын. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің  90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Мәдениет және ақпарат министрлігі өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатынын мәлімдеген болатын.

Ал маусым айының басында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утиль алым мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы шегерілгенін мәлімдеді. Министрліктің баспасөз қызметі петицияға бастама көтерген азаматтар талапты орындамады деген уәж айтқан. Ереже бойынша мекеме ғимаратында келушілер ұялы телефондарын кіре берісте қалдыруы керек. Алайда өтініштің бастамашысы Санжар Боқаев және оның өкілдері регламент талаптарын орындаудан және жұмыс тобының отырысына қатысудан бас тартты.

Көп ұзамай бірінші вице-премьер Роман Скляр да өз пікірін білдірді. Скляр утиль алымды жою ескі көліктердің қаптауына және экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеліп соғады деп тұжырымдаған.  

Мәжілісмен Абзал Құспан болса Парламент депутаттарының басым көпшілігі утильалымға қарсы шығып отырғанын айтады. Оның басты себебі Үкіметтің 2016 жылдан бастап утильалымнан жиналған қаржының қайда кеткені туралы ақпаратты депуттарға да бермей отырғанында. 

27 маусымда Қостанайдағы авто зауыттар алаңдарында утиль алымын алып тастау мәселесі жөніндегі петицияны қарайтын жұмыс тобының отырысы өтті. Жиын барысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев алымнан түскен қаржы қандай салаларға бағытталатынын айтты.

Еске сала кетсек, Экология министрлігі Әлия Назарбаеваға қатысты «ӨКМ Операторы» орнына утиль алымының жаңа бағдарламасын әзірледі.

Утилизация алымы – мемлекетке төленетін бір реттік төлем, ол келешекте көлікті утилизацияға жіберген кезде жұмсалуға тиіс қаржы. Қазақстанда көлікті елге алып келгенде төленетін утильалым 2016 жылы 1 қаңтарда енгізілді. Кейін қоғам тарапынан сынға ұшырап, 2022 жылы қайта қаралды. Сол жылғы мамырда утиль алымның жаңа мөлшерлемелері жарияланды. Төлем 50%-ға азайды.

Қазіргі таңда бұл іспен «Жасыл Даму» АҚ айналысады. Даулы істерден соң аталған компанияға Әлия Назарбаеваға қатысты «ӨКМ Операторы» активтері мен функциялары берілді.