Жаңалықтар

Oracle мен Масктің ЖИ стартапы арасындағы 10 млрд долларлық мәміле жасалмай қалды – The Information

Илон Масктің стартапы xAI Oracle-дің ірі клиенттерінің біріне айналуы мүмкін еді / Фото: Oracle

Илон Масктің жасанды интеллект саласындағы стартапы xAI мен технология алыбы Oracle арасындағы 10 млрд долларлық мәміле жасасу туралы келіссөзі нәтижесіз аяқталды деп хабарлайды The Information. Ықтимал келісімшарт бойынша Oracle xAI-ға бұлтты сақтау орнын беруге тиіс еді. Сейсенбі, 9 шілдедегі, саудада Oracle акциялары төмендеді.

Толығырақ

Oracle акциялары 4,8%-ға, яғни 138 долларға дейін төмендеді. Бұл – компания қағаздары үшін соңғы үш аптадағы ең төменгі көрсеткіш.

Oracle мен xAI ықтимал мәміле туралы келіссөзді тоқтатты. Оны жасасқанында ЖИ әзірлеумен айналысатын стартап бірнеше жыл бойы бұлтты қоймаларды жалға алуға 10 млрд доллар жұмсамақ еді деп жазды 9 шілдеде The Information осы талқылауға қатысқан бірнеше адамға сілтеме жасап. Мамыр айында xAI-мен мәміле жасасу мүмкіндігі жарияланғаннан кейін Oracle акциялары 5,3%-ға өскен болатын.

Стартап xAI жоспарлаған суперкомпьютерге арнап бұлтты қойма ұсыну туралы ықтимал көпжылдық келісім іске асырылу сатысында тұрған еді, бірақ келіссөз Масктің суперкомпьютерді Oracle ойлағаннан тезірек жасауды талап етуімен тежеле берді дейді The Information сұхбаттасы. Сонымен қатар Oracle компаниясы xAI орналасқан жерде электр қуаты жеткіліксіз деп алаңдаған.

Контекст

Сейсенбі, 9 шілдеде, Илон Маск X әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter) өз парақшасында «ЖИ үлгілерін ішкі оқыту жүйесін жасаймыз деген шешім қабылдадық, себебі xAI-дің түпкі бәсекеқабілеттілігі кез келген басқа ЖИ компаниясынан қаншалықты жылдам болатынына байланысты» дегенін келтіреді Bloomberg.

2023 жылдың қыркүйегінде Oracle директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Эллисон xAI-ға ЖИ үлгілерін оқытуға керек бұлтты инфрақұрылым беру жөнінде мәміле жасастық деп мәлімдеген болатын. Бірақ ол кезде Эллисон келісімшарттың құны мен мерзімі жайында ештеңе айтқан жоқ. Желтоқсан айында ол екі компания арасында ынтымақтастық жалғасып жатыр деп тағы айтты.

Bloomberg Intelligence сарапшысы Анураг Рана Илон Масктың ЖИ-ді оқытудың ішкі инфрақұрылымын құру туралы шешімге келуі қаржы жеткілікті болып тұрғанның өзінде бұлтты сервистердің қуатын арттырудың өте қиын шаруа екенін көрсететінін айтып отыр. «Бұл – бір Oracle-дің шеңберінде қалатын мәселе емес, арнайы чиптер мен қуаттың жетіспеушілігінен Microsoft және Amazon Web Services секілді басқа да компанияларға қатысы болатын мәселе», – деп атап өтті Рана.

Акция жайы

Жыл басынан бері Oracle акциялары 33%-ға, ал соңғы 12 айда 22,5%-ға өскен. MarketWatch мәліметінше, компания акцияларын бақылайтын 33 сарапшының 18-і оларды сатып алуды, 14-і ұстап отыруды, тек біреуі ғана сатуды ұсынады. Oracle акцияларының бағасы бойынша, Уолл-стриттің консенсустық болжамы – 150,9 доллар, яғни 4%-ға өседі.