2023 жылы ірі бизнестен өндіріп алынған әкімшілік айыппұлдардың көлемі 2,5 есеге ұлғайды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін және монополистік қызметке қарсы іс-шаралар туралы есебінде жариялады.
Агенттік өткен жылы 40 тауар нарығына, оның ішінде 16 жоспарлы нарыққа талдау жүргізген. Нәтижесінде 94 тергеу аяқталған.
Тексеру барысында ірі бизнеске ерекше назар аударылған. Өндіріп алынған әкімшілік айыппұлдардың көлемі 2,5 есеге ұлғайған. Монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұлдардың 100% – ға жуығы бюджетке қайтарылған. Бұл 5,4 млрд теңгені құраған.
Агенттік жоспарлы талдаулардың сапалық критерийлерін күшейтіп, жоспардан тыс рәсімдер оңтайландырған.
«Конгломераттарды реттеу жаңа тетіктермен қамтамасыз етілді және оларға шағымдану кезінде Агенттік актілерін тоқтата тұру тәжірибесі алынып тасталды. Бұл әрекет ету мерзімін 72 айдан 10 айға дейін қысқартты. Сондай-ақ монополиялық нарықтардағы бағаны бақылауды күшейтуді және жекелеген секторларды реттеуді қамтитын түзетулердің «6-шы монополияға қарсы пакеті» әзірленді», – деп хабарлады агенттік.
Айта кетейік, агенттік есебінде негізгі холдингтік құрылымдардан тыс республикалық меншіктегі ҚҚС (квазимемлекеттік сектор – ред.) субъектілерінің де шығыны туралы айтылған.
Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-не 162 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салып, 955 млн теңгеден астам көлемде монополиялық табыс тәркіленгені туралы жазған едік.