Lifestyle

Есірткі бизнесімен айналысқан: Қырғыз президенті Жапаровтың немере қарындасының күйеу жігіті ұсталды

жених
Садыр Жапаровтың немере қарындасына ұсыныс жасаған жігіттің ұсталғанын президенттің ресми өкілі хабарлады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың немере қарындасы Лазат Нұрқожаеваға екі апта бұрын ұсыныс жасаған жігіт ұсталды. Бұл жайлы көрші ел президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Президент Садыр Жапаровтың немере қарындасының күйеу жігітін құқық қорғау органдары ұстағанын растаймыз. Президент Садыр Жапаров кім болса да заңсыз әрекеттерді жасырмайтынын баса айтқым келеді. Күйеу жігіт пен оның сыбайластарының заңсыз әрекеттерінің жай-жапсары тергеу барысында нақтыланады»,– деп мәлімдеді баспасөз хатшысы.

Алагөзовтің айтуынша, жас жігіт өзінің заңсыз әрекеттерін қорғайтын билік басындағы адамдарды іздеп, сол мақсатта Нұрқожаеваға ұсыныс білдірген.

Қырғызстан құзырлы органдарының хабарлауынша, Лазат Нұрқожаеваның күйеу жігіті Афтандил Сабырбеков 3 тамызға дейін уақытша тергеу изоляторына қамалған.

Оған Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 282-бабының 3-бөлігі – «Аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және сол тектестерді заңсыз дайындау» бойынша қылмыс жасады деген айып тағылған.

Қырғызстан заңы бойынша мұндай қылмыстарға 12 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік экс-күйеу жігіттің Нұрқожаеваға жасаған ұсынысы Қырғызстанда үлкен резонанс тудырып, қырғыз халқының сынына ұшыраған болатын. Маусымның 24-і күні кешке президенттің немере қарындасы, 23 жастағы Ләззат Нұрқожоеваға жігіті тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Ол Instagram парақшасында мерекелік сәттің фото-видеоларын жариялады.

Президенттің туысқанына тұрмысқа шығу туралы ұсыныс білдіру үшін Сабырбековтың тікұшақ пайдаланғаны жайлы видеороликтер Қырғызстан БАҚ-тарында тарады. Борт нөмірі EX-88010 Airbus H-125 тікұшағы Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі екені белгілі болды. Басылымдар тікұшақтың жалға алынғаны туралы жазды. Бұл оқиғаға артынша қырғыз президенті де пікір білдіріп, жастардың ТЖМ тікұшағын пайдаланғаны үшін кешірім сұраған.

«Ел басшылығының жақындары өзгелерге үлгі болуы керек. Мен ысырапты тоқтату керек деп қақсап келемін. Ең болмаса, болашақ күйеу бала бұл бастаманы қолдап, ойланатын еді. Президентті сөзге қалдырмай, елдің сынына ұшырамаудың жайын ойлар еді. Жастықпен жасады деп ойлаймын. Алдағы уақытта елдің сын-пікірін ескеріп, қорытынды шығарады деген ойдамын», – деді Садыр Жапаров.

Жапаров туған-туыстарына мемлекет ісіне араласпауды үнемі ескертетінін атап өтті. Президент енді мұндай жағдайға жол бермейтініне сендірді.

«Мен бұрын басқаларды сынайтынмын. Енді өз басыма түсіп тұр», – деп қосты ол.