Жаңалықтар

«Хабар» арнасындағы ток-шоуда күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтқан әйел ресми түрде ажырасты

Гүлмира Смайлова күйеуімен ажырасса да, балаларына әлі күнге дейін алимент алмаған / Коллаж: архив kursiv.media 

«Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуында күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтқан әйел жұбайымен ресми түрде ажырасты. Бұл жайында «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль өзінің Facebook желісіндегі парақшасында бөлісті.

 «Гүлмираны ажырасу бойынша сот процесінің аяқталуымен құттықтаймыз. Сонымен қатар наурыз айында алимент өндіру туралы талап-арыз берген едік. Сот шешімі бойынша әр балаға берілетін сомма небәрі 10 000 теңгені құрайды. Алимент өндіру туралы шешім заңды күшіне әлдеқашан енген, бірақ әлі күнге дейін алимент алынбаған. Дегенмен тағы бір маңызды қадам жасалды. Уайымдамаңыздар, өмірлеріңізде қандай жағдай болса да, сіздері қолдайтын жандар әрқашан табылады», — делінген әлеуметтік желіде жарияланған жазбасында.

Еске сала кетсек, құқық қорғаушы, «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль Instagram желісіндегі парақшасында «Хабар» телеарнасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, 18 жыл отасқан, 6 баланы дүниеге әкелген әйелді ток-шоуға шақырғанын хабарлады. Әйел бетін жауып, студияда күйеуі болмайды деген шартпен түсірілімге келуге келіскен. Бірақ уәде орындалмаған. Шоу кезінде күйеуі студияға келген. Желіде тараған кадрларда жүргізушісі эфирге келген қонақтан «күйеуінің ұруына себеп бар ма» деген сұрақ қояды. Мұның барлығы қоғамда резонанс тудырды.

«Хабар» телеарнасындағы «Бірақ…» ток-шоуының көрерменге жол тартқан сол еді, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырағаннан кейін жабылды.