Қостанай облысындағы «Соколовская» шахтасында жару жұмыстарын жүргізу кезінде жазатайым жағдайдан бір адам қайтыс болды. Бұл туралы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ) хабарлады.
«280 метр деңгей жиекте жару жұмыстарын жүргізгеннен кейін іліктастарды жинау кезінде тау-кен жынысының кесегі опырылып кетіп, ұңғылаушының үстіне құлаған. Салдарынан жұмыскер қаза тапты», – делінген бірлестік хабарламасында.
Тау-кен байыту өндірісінің ұжымы мен басшылығы марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айтып, оның отбасына қажетті көмек көрсетілетінін жазды. Оқиға қатысты тергеу амалдары жүргізілетін болады.
1954 жылы құрылған «ССКӨБ» акционерлік қауымдастығы Қазақстандағы ірі темір рудасына иелік ететін компания. Оның құрамына апат болған «Соколовская» шахтасынан бөлек, Соколов, Сарыбай, Қашар және Қоржынкөл карьерлері, Алексеевский доломит кеніші, байыту және түйіршіктер өндіру зауыттары, металл илемдеу зауыты және т. б. кәсіпорындар кіреді.
Бірлестіктің соңғы аудиторлық есебіне сәйкес, ERG Iron Or Holdings B. V. компаниясы арқылы Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) компаниясы иелік етеді. ERG-дің түпкілікті иелері – Қаржы министрлігі – 40%, Александр Машкевич және Ибрагимовтер отбасы – 20,7% және Патох Шодиев – 18,6%.
Наурызда Қарағанды облысындағы «Саран» шахтасында монтаждау жұмысының арнайы жабдығын жөндеу кезінде жұмысшы қайтыс болған. Жұмысқа қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық берілген.