Украина бойынша алғашқы «Бейбіт конференциядан» бір ай өткен соң әлемдік қауымдастық екінші кездесу жайлы айта бастады. Бірінші саммит Швейцарияда 15-16 маусымда өткен болатын. Енді Украина бойынша екінші бейбіт конференция Сауд Арабиясында өтуі мүмкін.
РИА Новости агенттігіннің мәлімдеуінше, Сауд Арабиясы кезекті жиынды өткізуге мүмкіндік беретін орын ретінде ғана қарастырылуда.
Бейбіт конференция осы жылдың соңына дейін өтуі мүмкін. Алайда өтетін күні мен орны туралы нақты ақпарат жоқ.
Дегенмен Bloomberg жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Украина билігі екінші халықаралық бейбіт конференцияны АҚШ-та президент сайлауы өтетін қараша айына дейін ұйымдастыруға ниетті. Бұл жолы Украина Ресей делегациясын шақыруды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, 15-16 маусымда Швейцарияда Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналған халықаралық конференция өтті. Оған 160 мемлекет шақырту алған, алайда 90-ы ғана қатысуға тіркелген. Бейбітшілік конференциясына Ресей Федерациясы шақырылған жоқ. Аталған жиынға Қазақстан шақырту алғанымен, алайда қатыспады.
2024 жылдың мамыр айында президент Зеленский Орталық Азия елдерінің журналистеріне сұхбат берді. Украина президенті Астана, Бішкек, Ташкент, Душанбе және Ашхабад Мәскеудің «қас-қабағына қарап» әрекет етіп жатыр деген пікір айтқан еді.
«Мысалы, біз бейбітшілік саммитін өткізіп жатырмыз, алғашқы қадамдарымыз. Орталық Азия елдерінің көшбасшыларын да шақырдық. Бұл саммитте бәрін көргіміз келеді. Мұның несі қорқынышты? Путиннің келмейтіні ғана қорқынышты. Путин [саммитке қатысқан] Орталық Азия елдерінің біріне танкпен барғанын елестете аласыз ба? Осыған бола бармайды – бұл жеткіліксіз. Сонда айтыңызшы, келмейтіндер неден қорқады? Олар Кремльмен қарым-қатынасты жоғалтудан қорқады», – деді Зеленский, «Власть» басылымына берген сұхбатында.
Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин Украинамен келіссөз жүргізу шарттарын атады. Атыс тоқтауы үшін Украина НАТО мүшелігіне өтуден бас тартуы керек және Ресей окупациясындағы жерлерден әскерін алып кетуі керек екенін айтты.
Ал бейбітшілік саммитінде Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері Украинаның түкпір-түкпірінен кетсе, Киев ертең-ақ Мәскеумен бейбіт келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеген болатын.
2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы «Арнайы әскери операция» деген атпен ауқымды соғыс бастады. Шабуылдың мақсаты ретінде Украинаның Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету аталған болатын. Ресей оларды ресми түрде Донецк халық республикасы және Луганск халық республикасы деп атайды.