Жаңалықтар

«Алтыналмас» компаниясының еншілес ұйымы акционеріне дивиденд төлемейді

Компания былтыр таза табыс таппаған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ірі алтын өндіруші «Алтыналмас» компаниясына тиесілі «Ақбақай Голд Ресорсиз» АҚ 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді. Өйткені компания былтыр таза табыс таппаған. Жалғыз акционерінің шешімі Қазақстан қор биржасы сайтында орналастырылған.

«2023 жылы таза табыстың болмауына байланысты компанияның 2023 жылғы қарапайым акциялары бойынша дивидендтер есептелмейді және төленбейді», – деп жазылған таратылған хабарламада.

Компания 2023 жылды 9,3 млн теңге шығынмен жапқан. Ал 2022 жылғы шығыны 223 млн теңгені құраған еді. Ұйым бір жыл ішінде қарызын 96%-ға қысқартты.

«Ақбақай Голд Ресорсиз» компаниясының негізгі қызметі – бас компанияға түрлі жабдықтарды жалға беру. Оның жалғыз акционері – «Алтыналмас» холдингі.

«Алтыналмас» холдингі қазақстандық алтын өндірушілердің алғашқы үштігіне кіреді. Компания акционерлері: GOUDEN RESERVES B. V. (қарапайым акциялардың 60%), Владимир Жұманбаев (20%), Дияр Қанашев (10,5%) және Игорь Ветиул (6,5%). «Алтыналмас» Доре құймаларындағы алтынды өндіреді, одан әрі өңдеу үшін Астанадағы «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытына жіберіледі. Тазартылған алтынды Қазақстан Ұлттық Банкі сатып алады. Компанияның 13 еншілес компаниясы бар.

Топтың активтері Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан. Пайдалы қазбалар «Ақбақай», «Долинное», «Ақсу» алтын өндіру зауыттарында, «Пустинное» байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» бағалы металл өндіру зауытында өңделеді.