Солтүстік Каспийге мұнайдың төгілуіне әрекет ететін «Теңіз жасағы» компаниясы құрылады. Ол 100 пайыз мемлекет меншігінде болады. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған қаулыда жазылған.
«Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Теңіз жасағы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) құрылсын», – делінген қаулыда.
«Теңіз жасағы» компаниясының негізгі қызметі:
- Солтүстік Каспий мұнайдың төгілуіне әрекет ету экологиялық базасын және Каспий теңізінің қайраңында іске асырылатын басқа да теңіздегі мұнай операцияларына қолдау көрсететін инфрақұрылымдық нысандарды пайдалануға беру, пайдалану, басқару және сервистік қызмет көрсету;
- Каспий теңізінің қайраңында іске асырылатын теңіздегі мұнай операцияларына қолдау көрсететін инфрақұрылымдық нысандарды жасау;
- мұнайдың төгілуінің алдын алу және төгілген жағдайда теңізде және жағалауда әрекет ету жұмыстары;
- мұнай-газ жабдығын шығару және сервистік қызмет көрсету жобаларына қатысу;
- мұнай-газ саласында техникалық қолдау көрсету деп көрсетілген.
Бұл мекеме «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға сәйкес Каспий маңы мемлекеттері теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құтқару операциялары кезінде төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі бірқатар негізгі функцияларды орындау үшін» құрылғаны жазылған.
Акционерлік қоғамның жарғылық капиталы Төтенше жағдайлар министрлігінің балансындағы республикалық меншік есебінен қалыптасады. Компания меншігіне құны 88,9 млн теңге болатын ҰҰА платформасы XC-25 пен Электрлендірілген тіркемелі сорғы станциясы (құны 16,5 млн теңге) берілмек.
2 сәуірде «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының атқарушы директоры Галина Чернова Қашаған кен орны маңында сұйықтық төгіліп жатыр деп дабыл қаққан. Экобелсенді ғарыштан жүргізілген мониторинг аясында «30.04 (02:43 UTC) Еуропалық Sentinel-1A спутнигінің радарлық суреті қазақстандық кен орны мен «Қашаған» мұнай өндіру учаскесі маңындағы төгіндігіні байқатты» деп жазады. Сарапшы өндіріс барысында мұнай, болмаса құрамында мұнай қалдықтары бар сарқынды су төгілген деп пайымдаған. Сонымен қатар бұл мәселеге ресми орындардың назар аударуын сұрады.
Ал Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC компаниясы Қашаған теңіз кешенінде мұнай, сарқынды су, басқа да сұйықтық төгілген жоқ деп мәлімдеді. Қашаған кен орындағы D аралы толық тексеріліп, мұнай төгілгені дәлелденбеген.