Қытайлық автоөндірушілер Еуропалық Одақ нарығына шығудың жолын тапты

Жарияланды 12 Шілде 2024 11:28

(жаңартылды 12 Шілде 2024 12:53)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Қытайлық жетекті автокөлік өндіруші
Қытайлық жетекті автокөлік өндіруші Түркияда электромобиль шығаратын зауыт ашады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қытайлық жетекті автокөлік өндіруші Түркияда электромобиль шығаратын зауыт салады.

BYD мен түрік үкіметі қол қойған келісімге сәйкес, қытайлық компания Түркия экономикасына 1 млрд доллар инвестиция салуы керек. Сонымен қатар жылына 150 000 электромобиль шығаратын зауыт ашуға міндеттеледі.

Сарапшылардың пікірінше, қытайлық компанияның мұндай қадамына Еуропалық Одақтың аспан асты елі көліктеріне салған жаңа баж салығын (38%-ға дейін) айналып өтіп, еуропалық нарыққа шығуға деген ұмтылысы себеп болып отыр.

Бұған дейін Еуропалық комиссия Қытайдан әкелінетін электр көліктеріне ресми түрде уақытша қосымша баж салығын енгізді.

Комиссияның шешіміне сәйкес, қосымша баж салығы Қытайдың үш электр көлігі маркасына әсер етеді. BYD бренді үшін қолданыстағыдан жоғары баж салығы 17,4%, Geely үшін – 19,9%, SAIC бойынша – 37,6% деңгейінде белгіленген. Мемлекеттік субсидияларды тергеу кезінде ынтымақтасқан басқа қытайлық брендтердің электромобильдеріне енді 20,8% қосымша салық салынады. Басқа брендтерге баж салығы 37,6%-ды құрады.

Bloomberg тариф мөлшерлемелері 48%-ға дейін көтерілетінін хабарлады. Бұл болашақта ЕО-ның Бейжіңмен сауда қарым-қатынасында шиеленіс тудыратынын атап өтті. Уақытша шаралар 5 шілдеде күшіне енеді. ЕК қараша айында Қытай үкіметінің субсидияларына қатысты тергеу аяқталғаннан кейін түпкілікті шешім қабылдайды.

3 шілдеде Reuters агенттігі үкіметтегі атын атамаған дереккөздерге сілтеме жасап, Еуропалық одақ елдерінің барлығы бірдей баж салығы туралы шешімді қолдап отырған жоқ, деп жазды. Қолдаушылар қатарында Франция, Италия және Испания бар. Ал күмәнданушылар арасында Германия, Польша, Грекия және Чехия болды.

Бұған дейін Қытайлық автоөндірушілер еуропалық көліктерге 25% салық енгізуді талап еткен.

Сондай-ақ оқыңыз