Жаңалықтар

Маңғыстау облысындағы «жасыл сутегі» зауытының құрылысы жаһандық ең ірі 20 индустриялық жобаның қатарына енді

Мирный жобасы
Маңғыстаудың Қарақия ауданында «жасыл» сутегі өндіретін зауыт салынады /kursiv.media

Маңғыстауда жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланған. 2023 жылы ауқымды жобаны Svevind Energy Group компаниясы қолға алды. Маңғыстау облысының Қарақия ауданында «жасыл» сутегі өндіретін зауыт салынады.

Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельдің былтыр Қазақстанға жасаған сапары барысында инвестициялық келісімге қол қойылған. Соған сәйкес алдын ала жобалау-іздестіру жұмыстары (Pre-FEED) жүргізіле бастады. 2023 жылдың маусым айында Германия Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер бұрғылау жұмысын қосуға арналған шараға қатысты.

Былтыр Svevind Energy Group компаниясының бас директоры Вольфганг Кропп Қазақстан Президентіне жобалық құжаттаманы жасақтау 2026 жылы аяқталатынын айтты.

Жоба аясында су тұшыту зауытын, 40 гигаваттық жел, күн станцияларын, қуаты 20ГВт болатын әрі жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін немесе 11 миллион тонна «жасыл» аммиак өндіре алатын суды электролиздеу қондырғысын іске қосу көзделген. Инвестицияның көлемі 50 миллиард еуро шамасында.

ENERGY MONITOR телеграм арнасындағы мәлімет бойынша алып нысан жаһандық ең ірі 20 индустриялық жобаның қатарына енді. Жоспар бойынша өңірде әлемдегі ең ірі зауыт салынады. Маңғыстаудағы жаңартылған қуат көздері 2032 жылы іске қосылмақ.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша 2021−2025 жылдарға арналған бірқатар міндеттерді орындауға 1,413 миллиард теңге бөлінді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 10 маусымдағы жарлығымен жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына бірқатар өзгерістер енгізді.