Қазақстан ТМД елдері үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы модельдік заң әзірлейді. Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бұл идеясы Санкт-Петербургте қолдау тапты.
ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы) Парламентаралық Ассамблеясына мүше елдер кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Әшімбаев Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық реттеуде айтарлықтай тәжірибе жинақтағанын мәлімдеді.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ағымдағы жылдың сәуір айында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы заң қабылданды. Сондықтан Қазақстан Парламентінің Сенаты ТМД елдері үшін тиісті модельдік заң әзірлеу туралы бастама көтерді. Осы жылдың соңына дейін Сенат тиісті заңнамалық актінің жобасын Парламентаралық Ассамблеяның қарауына енгізеді, осылайша бұл модельдік заңды кейін ТМД елдерінің парламентшілері өздерінің заң шығару қызметінде пайдалана алады», – деді Сенат спикері.
Еске салсақ, 15 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң 16 маусымда өз күшіне енді. Заң мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.
БҰҰ да Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғайтын жаңа заңды қабылдағанын құптады. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй Бұл гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолындағы алға жасалған қадам екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстанда «харассмент» және жыныстық тиісу үшін жауапкершілікке тарту туралы заң жобасы дайындалып жатыр.