Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бояулы ауылының сауда орталықтары 5 жылдан бері алкоголь сатпайды. Нәтижесінде «мас күйде» жасалған қылмыс саны жоқ.
Ішімдік сату мен тұтынудан бас тарту идеясын ақсақалдар ұсынып, елдімекеннің барлық тұрғыны бірауыздан қолдаған. Полицейлердің айтуынша, осыдан кейін Бояулы ауылында заңсыз әрекеттер сап тыйылған.
«Бес жыл бұрын ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірігіп, спирттік ішімдіктерді сатудан бас тарту туралы бірыңғай шешімге келді. Көп күтпей-ақ нәтижесін бере бастады, бұл қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ отбасылық қақтығыстардың болмауына әкелді. Осы уақыт ішінде Бояулы ауылында бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторының құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмысын атап өту қажет», – дейді Балқаш аудандық полиция бастығы Айдар Умаров.
Полиция қызметкері осындай бастаманы басқа да ауыл тұрғындары қабылдаса деп отыр. Бояулы ауылының тәжірибесі мұндай шаралар жастарға жақсы үлгі болып, елде дені сау және бақытты ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.