Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстанда жол құрылысы кезінде миллиардтаған қаржы жымқырылғанын мәлімдеді

Келтірілген залал көлемі шамамен 9 млрд теңгені құрады / Архив: kursiv.media

2024 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық жолдардың сапасыздығын атап өтті. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Үкіметке осы саладағы жемқорлық фактілерінің жолын кесу тапсырылды.

Ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы А. Жұмағали жол саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталғанын атап өтті.

Ең алдымен, жұмыстарды жоспарлаудан бастап, оларды қабылдауға дейінгі барлық құрылыс процесі зерделенетін болады. Бұл ретте жемқорлық фактілеріне тексеру жүргізілді.

Агенттіктің қылмыстық-құқықтық тәжірибесі көрсеткендей, ЖСҚ құнын асыра бағалау орын алғанын және сапасыз материалдар, жабдықтар мен технологиялар пайдаланылатынын көрсетеді.

«Жұмысты толық көлемде орындамайтын үлестес және жосықсыз компаниялар тартылған. Жалпы соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 65 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеді. Олар бойынша залал шамамен 9 млрд теңгені құрады», – деп хабарлады Агенттік.

Жұмыстың екінші бағыты жолдардың ағымдағы құрылысына мониторинг жүргізу болды. Бұл тұста бүкіл ел бойынша 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген 217 учаске қамтылды. Агенттіктің ерекше бақылауымен 12 ауқымды жоба бар.

«Олардың әрқайсысына жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіретін жауапты тұлғалар бекітілді. Барлық өңірде қоғам белсенділері, сондай-ақ осы саладағы сарапшылар кіретін мониторингтік топтар құрылды. Қазірдің өзінде талдау барысында бұзушылықтар анықталуда. Мәселен, 5 өңірде 4,8 млрд теңге сомасына артық және қайталама жұмыстарды қосу жолымен сметаларды асыра бағалау анықталды», – деп хабарлады Агенттік.

Мысалы, Абай облысында 20 млн теңгеге жөндеу жүргізілгеннен кейін, сол учаскеде 1 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу қайта басталды.

Көлік министрлігінің Жол активтерінің сапасы орталығының жұмысына ерекше назар аударылады. Тек 4 өңірде ғана 526 бұзушылық анықталды, олар кейіннен түзетілмеген.

Еске сала кетсек, Көлік министрі жол жасау жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауға жол берілмейді деп ескертті.