Жаңалықтар

3,3 пайыз: су тасқыны салдарынан Қазақстан экономикасының өсу қарқыны баяулаған

ЖІӨ өсімі 3,3 пайызды құрайды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бергі 6 айда ел экономикасы 3,3 пайыз өсім көрсетті. Алайда биыл экономиканың өсу қарқыны былтырғымен салыстырғанда баяулаған. Оған көктемде Қазақстанның 10 облысын жайлаған су тасқыны мен мұнай өндірісінің қысқаруы себеп.

«Ұлттық статистика бюросының жедел деректері бойынша жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты өсуі биылғы жылғы қаңтар-мамырдағы 3,2%-пен салыстырғанда жеделдеуді көрсетіп, 3,3%-ды құрады», – делінген хабарламада.

Динамиканың жақсаруы тауар өндірісінде (3,5%-тен 3,6%-ке дейін), сондай-ақ қызмет көрсету секторында (3,1%-тен 3,3%-ке дейін) байқалған.

Министрлік биыл экономиканың өсу қарқыны 2023 жылмен салыстырғанда баяулағанын жазады. Көктемде 10 өңірді су басып, сауда, көлік, логистика саласының дамуына кері әсер еткен. Сондай-ақ мұнай өндірудің 1,6%-ға қысқаруы да өсімнің баяулауына себеп.

Есесіне өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталып келеді. Соның ішінде машина жасау өндірісі –  9,4%, металлургияның 8,3%, химия өнеркәсібі
5,3%, фармацевтикалық өнімнің 14,8%-ға және жиһаз өндірісінің 28,3%-ға өскен.

«Көлік саласы мен ақпарат және байланыс секторын дамыту экономика өсуінің маңызды құрамдас бөлігі болып қала беруде. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында көлік және қоймалау қызметтері 7,3%-ға, ақпарат және байланыс қызметтері 8,7%-ға өсті», – делінген хабарламада.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,7 трлн теңгені құрады және бес айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа жеделдеп, 8,6%-ға өсті. Қаңтар-маусым айларында 4,6 млн шаршы метр көппәтерлі үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,9%-ға жоғары.

Экономикадағы өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ОПЕК+ міндеттемелері шеңберінде мұнай өндіру көлемінің қысқары және су тасқыны кезеңінен кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына байланысты бірқатар салада біршама артта қалушылық байқалып отырғанын айтып өтті.

«4 айлық бәсеңдеуден кейін, маусым айының қорытындысы инвестицияларды жұмылдыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, іскерлік белсенділікті ынталандыру шаралары, сондай-ақ құрылыс, автожол, ауыл шаруашылығы салаларындағы алдағы белсенді кезең есебінен экономиканың өсу траекториясына шығуына негіз қалады», — деді Нұрлан Байбазаров.

Жарты жыл ішінде жалпы сомасы 151 млрд теңгеге 18 жоба іске қосылды, оның 122,7 млрд теңгесі – шетелдік қатысуы бар үлес. Инвестициялық штабтың жүйелі жұмысы аясында шамамен 30 млрд доллар сомасына 65 инвестициялық жоба бойынша проблемалық мәселелер шешілді, сондай-ақ заңнамаға 57 өзгеріс әзірленді, оның ішінде бүгінде 26 бұйрық қабылданған.

Қазақстанның 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,8%-ды құрайды делінген.

2024 жылы экономика 5,3%-ға, ал 2028 жылға қарай қарқын 6%-ға дейін өседі деген болжам жасалған еді . Өнеркәсіп саласындағы орташа жылдық өсу қарқыны 4 пайызды құрайды.

Еуразиялық экономикалық даму банкінің 2024-2026 жылдарға арналған болжамына сәйкес, 2024 жылы Қазақстан экономикасы 5%-ға көтеріліп, инфляция 7,1%-ға дейін төмендемек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық экономиканы екі есе өсіру – жетуге болатын меже деп мәлімдеді. Мемлекет басшысы былтыр «Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары» атты жолдауын жария­лаған. Оған сәйкес 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көле­мін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделген.