«Қазақстанның даму банкі» агроөнеркәсіп кешені мен тағам өнеркәсібін дамытуға 500 млрд теңге бөледі
Қазақстан даму банкі (ҚДБ) агроөнеркәсіптік кешен мен тағам өнекәсібін дамытуға 500 млрд теңге бөледі. Бұл қаржы 2024-2029 жылдары АӨК , тағам және сусын өндірісі секторындағы инвестициялық жобаларды қолдау бағдарламасы аясында бөлінбек. Бағдарламада АӨК-тегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндеті қойылған.
Бағдарлама аясында бөлінетін қаржы 500 млрд теңгені құрайды. Фермерлер 5-20 жылға 3 млрд теңгеден бастап қаржы ала алады.
«Бағдарламаның негізгі мақсаты – импортты алмастыру және экспортты кеңейту мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдау. Осы бағдарлама аясында екі инвестициялық жоба мақұлданды – бұл ет өндіретін құс фабрикасы және қапталған тазартылған өсімдік майын өндіру үшін май зауытын жаңғырту», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ҚДБ қарауында бидай, жүгері дәндерін терең өңдеу, ет өндіретін құс фабрикаларын дамыту, жылыжай кешенін салу және кондитерлік фабриканы кеңейту, сондай-ақ экспорттық агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастыру бойынша бірқатар жоба бар.
Бұған дейін ҚДБ ірі және орта бизнестің несиесіне кепілдік беріп, тәуекелдер үшін төленетін комиссияны субсидиялайтынын хабарлаған. Сонымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына 300 млрд теңге бөледі.
Қазақстан Даму Банкі – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру арқылы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету мақсатында құрылған. Банк мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру мен арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, елдің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға көмектеседі. Банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі».