Lifestyle

Бизнеске қолайлы саясатпен халықаралық компанияларды тартады: Дуров Қазақстанға сапары жайлы

Павел Дуров Қазақстанға сапары жайлы жазды / Фото: t.me/durov/326 / бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ВКонтакте» әлеуметтік желісінің және Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанға сапары туралы ойымен бөлісті.

Дуров Қазақстанды Орталық Азияның экономикалық державасы деп атап, елімізге сапары туралы жазды. Ол Астананың маңыздылығын, Алматының тыныс-тіршілігі, Бурабайдың көркемдігі мен Шарын каньонын ерекше атап өтті.

«Қазақстанның сұлулығымен оның амбициясы ғана бәсекелесе алады. Ел бизнеске қолайлы саясат пен салықтардың арқасында халықаралық компаниялар мен технологиялық стартаптарды тартады. Сондай-ақ инновациялық мектептер мен университеттерді қолдау арқылы білім беру және ғылым саласындағы позицияларын жақсартады», – деп жазды ол өз парақшасында.

Фото: t.me/durov/326 / бильд-редактор Ахтам Зиперов

Дуровтың жазуынша, 20 миллион қазақстандықтың 12,5 миллионы Telegram желісін ай сайын қолданады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық.

«Біз қазақстандықтарға негізгі коммуникация құралы ретінде қызмет ететінімізді мақтан тұтамыз және елдің цифрлық түрленуіне ықпал ететін құрал боламыз деп үміттенеміз», – деп қосты Дуров.

Бұған дейін Дуровты Қазақстанға шақырғаны туралы ақпаратпен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бөліскен еді.

Telegram мессенджерін белсенді қолданушылардың саны айына 900 миллионды құрайды. Бұл туралы танымал желінің негізін қалаушы Павел Дуров Financial Times басылымына берген сұхбатында айтқан еді.

«Инвесторлар қазір Telegram-ды 30 миллиард доллардан астамға бағалайды», – деп атап өтті сұхбат барысында Павел Дуров. 

Ол қазір миллионер компанияны IPO-ға шығару туралы ойланып жүр. 

Дуровтың айтуынша, инвесторлар, соның ішінде соңғы сатыдағы стартаптарға инвестиция салатын «жаһандық технологиялық қорлар» желіні 30 млрд доллардан астамға бағалаған. Компанияға толық иелік ететін миллиардер оны сату мүмкіндігін жоққа шығарды. Бірақ IPO туралы ойланып жүргенін растады. Дуров бұл мессенджер құндылығына «қолжетімділікті демократияландыру» мүмкіндігі деп есептейді.