Қазақстан Үкіметі молдаван кәсіпкерлері Анатол және Габриель Статимен арадағы 14 жылдан аса созылған дауға нүкте қойды. Екі тарап дауды бейбіт және өзара тиімді шешу жайлы негіздемелік келісімге келген. Әділет министрлігінің хабарламасында тараптар қандай шарттармен келісімге келгені жазылмаған.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық Банкі мен Tristan Oil жетекші кредиторларының қолдауымен және келісімімен Стати тараптары Қазақстандағы мұнай-газ активтері туралы ұзақмерзімді дауды бейбіт және өзара қолайлы реттеу туралы заңды күші бар негіздемелік келісімге қол қойды», – делінген хабарламада.
Тараптар бүкіл заңды талқылауларды тоқтату және барлық юрисдикциядағы талаптарды тоқтатуға әкелетін өзара қолайлы шарттарда келіскен.
«Осы келісім қоғамдық мүдделерді ескерумен қабылданды және бюджет қаражаты жұмсалмайды. Осы қадам елімізге жаңа инвестицияларды тартуға және экономиканың дамуына оң әсер ететініне сенеміз», – деді Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараев.
Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деп айыптаған молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Стати 2010 жылы сот арқылы 4 млрд доллар талап етті.
Статилердің сотқа шағымдануына ел үкіметінің 2010 жылдың 21 шілдесінде «Толқыннефтегаз» ЖШС мен «Қазполмұнай» ЖШС-нің жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды мерзімінен бұрын тоқтатуы себеп болған.
Шағымдар Нидерланды, Бельгия, Люксембург, Швеция, Ұлыбритания және АҚШ-та қаралды. 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 506 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.
«Ақ жол» фракциясының депутаттары Стати дауына Қазақстан қанша қаржы жұмсағанын, кімді байытып жатқанын ашық жариялауды сұрап депутаттық сауал жолдаған еді. Азат Перуашев осы дауда Қазақстанның мүддесін қорғаған, Марат Бекетаев пен Бауыржан Байбекке қатысы бар «Bolashak Consulting group» компаниясының қызметіне күмән келтірді. Бейресми мәлімет бойынша, Қазақстан жыл сайын шетелдік адвокаттарды жалдауға 60 млн доллар жұмсап отырған.
Алайда биыл мамыр айында Әділет вице-министрі Стати ісіне қанша бюджет қаражаты жұмсалғанын нақты айта алмады. Ботагөз Жақселекова қаржы мәселесі коммерциялық құпияға жататынын мәлімдеді.